Тұрғын үй жалдау ақысы субсидияланады

Шымкентте 659 отбасы тұрғын үй жалдау ақысына субсидия алады. Оның ішінде 2023 жылы 322 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидияланған. Ал 2022 жылы 337 азаматтың аталған әлеуметтік көмекке жолданған өтінімі мақұлданып, жалпы соммасы 30 155 764, 30 теңгені құрады.

Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айрылған балалар, көп балалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады.

Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда (1) ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспауы тиіс.

Субсидия алуға үміткердің депозиттік шоты болуы қажет.

Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады. Қазақстандықтар өз өтінімдерін жылдам әрі кезек күтпей берулері үшін барлық процестер онлайн режимде ұйымдастырылған. Өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы otbasybank.kz порталында «Жалдау ақысын субсидиялау» бөлімінде беріледі.

Халықтың белгілі бір әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген бағдарламаға сәйкес «Отбасы банкі» тарапынан субсидия ай сайын төленетін болады. Шартты мерзімінен бұрын бұзуға және басқа жалға берушімен жаңа келісімшарт жасасуға болады. Бұл жағдайда өтініш беру процесі қайтадан басталады. Сонымен бірге төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіп, жыл сайын субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігін тексереді.