Тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау уақытша тоқтатылады

Тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінен бастап уақытша тоқтатылады. Шымкент қаласында бастапқы жарнаға көмек ретінде берілетін тұрғын үй сертификатын беру ағымдағы жылдың 26 шілдесінен басталып бүгінгі күнге дейін 551 азаматтан өтінім қабылданды. Оның ішінде 105 азамат тұрғын үй сертификатының иегері атанып, мемлекеттік көмекке ие болды. Ал 340 өтінім тұрғын үй сертификатын берудің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылған. Қалған 30 шақты өтінім иелерінің өтініші басқарма қызметкерімен қаралымда. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20», «5-20-25» және «7-20-25» бағыттары бойынша тұрғын үй алуды көздеген, тұрғын үй сертификаттарын алу талаптарына сай келетін әрбір азаматқа 1 миллион теңгеге дейін мөлшерде мемлекет тарапынан бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігін жабу үшін ұсынылып, әлеуметтік көмек ретінде берілген болатын. Қатысуға ниет білдірген тұлға соңғы 6 айда отбасының жиынтық табысы оның әрбір мүшесіне шаққанда 106336,2 теңгеден аспаған жағдайда және тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беру туралы банктің мақұлдаған хатын қоса өтінім қабылдайтын интернет портал қайта іске қосылғанда жолдай алады.Айта кету керек, тұрғын үй сертификатына өтінімдер қабылдау ағымдағы жылдың қазан айында жалғасын таппақ. Тұрғын үй сертификатына өтінімдер 500 азаматқа қарастырылған қаржы толығымен игерілгенге дейін жұмыс жүргізілетін болады.

Шымкент Тұрғын үй басқармасы