Төлебилік оқушы буллингке қарсы мобильді қосымша ойлап тапқан

“Буллинг” сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Буллинг — агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы, үстем екенін көрсетуі. Бүгінде 11–15 жастағы әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім жиі буллингтің құрбаны немесе қатысушысы болып отыр. Осы өзекті мәселеге назар аударып, буллингпен күреске өз үлесін қосуды мақсат еткен Ленгір қаласындағы №5 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы Марк Ринк «Зерде» конкурсының аудандық және облыстық кезеңдеріне «Stop, bullying» мобильді қосымшасы» жобасын қатыстырып, жүлделі орыннан көрінген.

Төлебилік оқушы Марктың аталмыш қосымшасы — оқушылардың буллинг туралы хабарламаларын анонимді түрде жолдауға мүмкіндік береді. Мұндай хабарламаны алған мектеп психологы не сынып жетекші буллингтің алдын алу бойынша шара қолданып, түсіндіру жұмысын жүргізеді.

-Қазіргі кезде біраз оқушы басқа білім алушылармен қарым-қатынас жасау процесінде буллингке ұшырап жатады. Сөйтіп жария болып кетуден қорқып, жағдай туралы өзгеге айта бермейді. Олар телефондарына жүктелген менің мобильді қосымшам арқылы жасырын түрде ересектердің электронды почтасы мен Telegram-каналына буллинг туралы хабарламаны жолдай алады. Осылайша, үлкендердің назарын дер кезінде аударып, түрлі келеңсіз жағдайдың алдын алуға болады, — дейді.

Жас өнертапқыш «Stop, bullying» мобильді қосымшасын аталған мектеп-гимназияның информатика пәні мұғалімі Ольга Ринктің жетекшілік етуімен жасаған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі