Цифрлық технология көмегімен қазір шетел аспай-ақ, ауыр сырқаттардан айығуға мүмкіндік бар

«Біз цифрлы технология­ны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрия­ларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустрия­лар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты». Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев медицина саласын жетілдіру бойынша халыққа жасаған жолдауында осылай деген болатын. Бүгінде мемлекет басшысы қабылдаған шешімдер Елбасы жүктеген міндетпен үндесіп, өз тиімділігін көрсетуде. Цифрлық технология көмегімен қазір шетел аспай-ақ, ауыр сырқаттардан айығуға болады.

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында денсаулығына қауіп төнген науқасқа құрсақ қолқасының аневризмасын эндопротездеуі отасы сәтті жасалды. Облыстық клиникалық ауруханасында озық ангиографиялық кешеннің пайда болуымен дәрігерлер командасы құрылып, МӘМС жүйесінде жоғары технологиялық медициналық көмектің осы түрі енгізілген болатын.

Шұғыл көрсеткіші бар патологиясымен түскен науқасқа барлық ықтимал қауіптер ескеріле отырып, құрсақ аортасының аневризмасын эндопротездеу туралы шешім қабылданды. Жеке стент-графт таңдалды.

Тамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі А.Рыжковтың, рентгенэндоваскулярлық бөлімшенің меңгерушісі С.Гүлметовтың, тамыр хирургиясы бөлімшесінің дәрігері Ж.Тәңірбергеновтің және екі хирургия бригадасының қатысуымен  аортаның құрсақ бөлімінің күрделі аневризмасын эндопротездеу, стент-графт орнату операциясы сәтті жүргізілді.

Бірнеше күннен кейін науқас хирургтың амбулаториялық бақылауына шығарылады. Мамандардың білімі мен медициналық мекеменің заманауи жабдықтарының, қан тамырлары хирургиясы бөлімшесің біліктілігінің арқасында осындай ауыр дерттерді емдеуге мүмкіндік туып отыр.

Құрсақ аортасының аневризмасы (ҚАА) — ауыр ауру. Көбінесе кездейсоқ анықталады. Аневризманың жарылуы немесе жыртылуы көбінесе «құрсақ аортасының аневризмасының» алғашқы симптомы болып есептеледі. Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибеде жоғары технологиялық медициналық көмектің балама әдісі стент-графт имплантациясымен эндоваскулярлық отасы (эндопротез) 99% жағдайда он нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қан тамырының ішінен жасалатын отаның бұл түрі, құрсақ қуысын ашып жасағаннан әлдеқайда қауіпсіз және егде жастағы науқастарға жасауға мүмкіндік береді.

Ntime.kz