Шымкентте «Анамның бәйтерегі» атты жеке шығармашылық кеші өтті

Елімізге танымал суретші, кескіндемеші, мүсінші ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абдуахат Тұрғанбайұлының «Алтын орда» сурет галереясында «Анамның бәйтерегі» атты жеке шығармашылық кеші өтті.

Көрмеге суретшінің үзеңгелес достары, замандастары, «Мирас» университетінің студенттері қатысып, алдымен ғажайып өнер иесінің көрмедегі таңдаулы туындыларымен танысты, суретшінің өнер жолы, шығармашылық ізденісі жайлы сөз болды.

— Абдуахат Тұрғанбайұлының өнер туындылары тек Қазақстанда ғана емес, әлем назарына ұсынылған дүниелері бар. Өзіме әр салған суреті ерекше шабыт сыйлайды. Баламды әрдайым қолдауға дайынмын, – деді ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері, суретші Насыр Әшілұлы.

Ананың ақ сүтімен дарыған өнердің арқасында Абдуахат ағамыз ұлттық мәдиетімізді дамытып келеді. Көптеген еңбектері өзіміздің және шетел азаматтарының жеке коллекцияларында сақтаулы. Суретші-мүсінші бүгінгі шығармашылығын анасына арнапты.

—Өнерсүйер қауым мені құрметтеп, көрмеге келіп, тамашалап жатқанына өте қуаныштымын. Осы көрмеге 60-қа жуық жұмысымды дайындадым. Соның 40 суреті осы жерде. Картинаға үңілетін болсаңыздар ауыл өмірін, қазақ елінің тарихи аңызын бояумен суреттедім. Әр қайсынына ерекше көңілімді бөлемін. Алдағы уақытта шетелдің өнер танушыларына өз еңбегімді көрсетсем деген жоспарым бар, – деді Абдуахат Мұратбай.

Айта кетейік, Абдуахат Мұратбай ағамыз 1981 жылы Шымкент көркемөнер училищесін және 2004 жылы Бішкек қаласында Қырғыз педагогикалық университетін бітірген. Экспозицияға автордың жарқын кескіндеме жұмыстары қойылған. Оның шығармаларында қазақтың ұлттық образдары модернизм ағымымен үйлесім тапқан. Суреттің әр бөлшегі маңызды және өз мәні бар.