Шымкентте волейболдан жастар арасында турнир өтті

Спорт — денсаулық кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мен халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлген болатын. Қазіргі таңда спорт бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатқан аймақтардың бірі – Шымкент қаласы.

Бүгін Шымкентте әр түрлі салада қызмет ететін жас мамандар арасында волейболдан турнир өтуде. Игі шара Республика күні қарсаңында, «Сенім қадамы» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Турнирде әр саланың үздіктерінен құралған жалпы 10 команда бақ сынауда. Атап айтсақ, «Бал Текстиль», «GraMad», «Сақ», «AFC суши», «Жедел-жәрдем», «Еңбекші КММ», «Апалон», «ТОО Ахсум», «Халық банк», «Jusan Bank» қызметкерлерінен құралған командалар өзара сайысқа түсуде.

«Жалын» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан турнирдің мақсаты жастарды спортқа, еңбекке баулу, азаматтық ұстанымды қалыптастырып, оларды қоғамдық өмірге тартуға бағыттау болып отыр. Ойын ережесіне сәйкес әр командада ерлер мен әйелдер аралас ойнайды.

Турнир қорытындысы бойынша үздік ойын өрнегін көрсете білген командаларға бағалы сыйлықтар табысталмақ.

Сондай- ақ Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Республика күні мерекесіне орай волейболдан аудан әкімі кубогіне арналған турнир өтті.

Іс-шараның мақсаты салауаттылықты, бұқаралық спортты насихаттау мен аудан мектептері арасында өзара ынтымақтастықты арттыру болатын.

Турнирге аудан аумағындағы 20 мектеп құрамасы қатысты.Тартысты өткен жарыс нәтижесі бойынша жеңіске 72 мектеп құрамасы жетті. Ал, ІІ тұғырдан 71 мектеп құрамасы көрінді. Жүлделі ІІІ орынды 113 мектеп құрамасы иеленді.

Барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Ал, жеңімпаз командаларға аудан әкімінің арнайы кубогі мен жүлдесі табысталды.

Аудан басшысы Р.Мүлкеманов турнир қатысушыларына алғысын білдіріп, аталған бағыттағы іс-шараның алдағы уақытта аудан мектептері арасында дәстүрге айналатынын жеткізді.