ШЫМКЕНТТЕ ВОЛОНТЕРЛІК ҰЙЫМДАР КӨШБАСШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЖАЗҒЫ МЕКТЕП ӨТТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бұл – волонтерлік қозғалысты дамытуға, азаматтық белсенділікті арттыруға және қоғам игілігі жолындағы бастамаларды қолдауға бағытталған маңызды қадам.

 Осы бастама аясында Шымкент қаласында волонтерлік ұйымдардың көшбасшыларына арналған екі күндік Жазғы мектеп ұйымдастырылды.

 Жобаға қаланың 100-ге жуық белсенді жасы мен волонтерлік ұйымдардың жетекшілері қатысып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдау, тәжірибе алмасу және өзара ынтымақтастықты нығайту бағытында білім алды.

 Бағдарлама аясында тәжірибелі спикерлердің қатысуымен тұлғалық даму, тиімді коммуникация, руханият, команда қалыптастыру және волонтерлік қызметті дамыту бағыттарында семинарлар мен тәжірибелік тренингтер өтті. Қатысушылар өз білімдері мен дағдыларын жетілдіріп, жаңа тәжірибе жинақтады.

 Іс-шара аясында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен волонтер жастармен еркін форматтағы кездесу өтті. Онда жастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, қай салада еңбек етсе де кәсіби маман болуға ұмтылу, үздіксіз іздену, адал еңбек ету және ел игілігіне қызмет ету құндылықтары жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, волонтерлік қызметтің азаматтық жауапкершілік пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудағы маңызды рөлі атап өтілді.

Жазғы мектептің екінші күні спорт жаттығуларымен басталып, қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы «Таза Шым» жобасына белсенді қатысты. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шара барысында жастар қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына атсалысты.

Сонымен қатар, ұлттық және спорттық ойындар, танымдық семинарлар мен командалық тренингтер ұйымдастырылып, жастардың ұйымшылдығын, көшбасшылық қабілеттерін және өзара ынтымақтастығын дамытуға басымдық берілді.

 Мұндай жобалар жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға, волонтерлік мәдениетті дамытуға, қоғам игілігіне бағытталған жаңа бастамалардың жүзеге асуына және ел дамуына үлес қосатын жауапты, белсенді азаматтардың қалыптасуына ықпал ететіні атап өтілді.

Источник: с сайта gov.kz