Шымкентте мал жаю ережесін бұзудың 18 дерегі анықталды

26 қыркүйекте мегаполисте төрт түлікті ұрлауға қатысты қылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған «Мал ұрлығы» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Шара аясында полицейлер мал ұрлығының алдын алу мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Екі күн ішінде Абай АПБ-ның учаскелік инспекторлары рейд барысында мал жаю ережелерін бұзудың 18 жайтын тіркеді.
Мәселен, тәртіп сақшылары әкімшілік аумақты аралау кезінде қараусыз жайылып жүрген жылқыны анықтап, жануардың иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырды. Айта кетейік, заңға сәйкес бұл құқық бұзушылық 3 АЕК көлемінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Полицейлер малды қараусыз жіберудің салдары мал ұрылығына себеп болатынын ескертеді. Сонымен қатар, жүгенсіз жүрген жануарлар көлік жүргізушілеріне қауіп төндіріп, әртүрлі жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін.