Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар үшін 200-ден астам жұмыс орнына квота белгіленген

Жұмыспен қамту орталығы жұмыс істеуге ниетті әрбір азаматының өз мүмкіндігі мен қалауына сай келетін жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Шымкент қаласында биыл мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 50 мекемедегі 227 бос жұмыс орнына квота белгіленген. Бүгінде 35 жұмыс беруші мекемеге 88 азамат жолданған. Еңбекке қабілетті азаматтар квота бойынша жұмысқа орналасулары үшін «Тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен аудандық «Мансап» орталықтары мамандарының көмегіне жүгіне алады.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде, биыл 1780 мүгедектігі бар қала тұрғыны жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Атап айтқанда, 40 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындарында оқытудан өтіп, жұмыспен қамтылуда, 12 адам әлеуметтік жұмыс орындарымен және 61 адам жастар практикасымен қамтылған. 172 адам қоғамдық жұмыс орны, 35 адам алғашқы жұмыс орны бойынша жұмысқа орналастырылды. 46 азамат «Күміс жас» жобасы аясында тартылды. 957 адам «Бастау Бизнес» жобасында оқытуға жолданып, мүгедектігі бар 90 адам мемлекеттік қайтарымсыз грант алған. 367 адам бос орындарымен қамтылып отыр.

Әлеуметтік осал топты азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығы тарапынан үздіксіз бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Шара аясында пробациялық бақылауда жүрген азаматтарды да қоғамға қайта бейімдеу және жұмыс орнымен қамту көзделген. Жыл басынан бері пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар бойынша 5 жәрмеңке өткізіліп, жәрмеңкелерде 500-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. Бос жұмыс орындарында 60-тан аса азамат жұмыспен қамтудық белсенді шараларына тартылды.