Шымкентте «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі М.М.Ахметжановтың нұсқауына сәйкес, Шымкент қаласы аумағында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, көпқабатты үйлердің әрбір пәтерін, аулаларды, жеке үйлерді аралап, онда тұрып жатқан адамдар жайлы ақпарат білу. Сондай-ақ, қару иелерін, ІІО-да есепте тұратын тұлғаларды тексеріп, заңсыз көші-қонның жолын кесу болып табылады.

Шара барысында учаскелік полиция инспекторлары қала аумағында орналасқан 115 855 пәтер мен жеке тұрғын үйлерді аралады. Оның ішінде жалға берілетін 2721 пәтер тексеріліп, онда тұрып жатқан 155 Ресей Федерациясының азаматтары анықталды.

Сондай-ақ, қаңғыбастық пен қайыршылық жасап жүрген, тұрғылықты жері жоқ 129 тұлға анықталып, қабылдап-тарату орнына орналастырылды.

Түнгі мезгілде заңды өкілдерінсіз жүрген – 365, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 40 жасөспірім анықталды.

Ішкі істер органы есебінде тұрған 5849 адам тексерілді. Оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған — 951, әкімшілік қадағалау орнатылған — 82, мінез-құлқына ерекше талап белгіленген — 335, қорғау нұсқамасы шығарылған — 1598, әкімшілік қадағалауға түсетін — 161 тұлға, пробация есебінде тұратын — 1944 тұлға және 516 жайсыз отбасы.

Бұған қоса 4219 қару иесі тексеріліп, қаруды тіркеу және сақтау тәртібін бұзғаны үшін 43 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз тіркелмеген 2 қару тәркіленіп алынды.

Барлығы 16585 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көші-қон заңнамасын бұзған 199 шетел азаматы мен тіркеусіз тұрғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабымен 935 азаматқа хаттама толтырылды.

Аудандық полиция басқармалары мен учакелік полиция пункттеріне барлығы 3612 тұлға жеткізіліп, қол саусақ іздері алынды.

Айта кетейік, миллионды қала – Шымкентте қазанның бірінші күнінен басталған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1-қарашаға дейін жалғасады.

Ntime.kz