Шымкентте ұлттық ұлан сарбаздары білім гранттарын алды

Елімізде «Мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігі бірқатар іс-шараларды қолға алды, соның ішінде «Әскери міндетті 2.0» жобасы бар. Бұл жоба әскери қызметтен кейін азаматтарға тегін білім алу мүмкіндігін беруді қарастырады.

18 қарашада Шымкент қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында белгіленген қызмет мерзімін өтеген 2-2022 әскерге шақыру сарбаздарының запасқа шығарылуына байланысты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара аясында 97 мерзімді қызмет сарбазына жоғары оқу орнына тегін негізде оқуға түсу туралы сертификаттар табысталды.

Бұл жоба азаматтарды мерзімді әскери қызметке ынталандыру және армияның беделін арттыру мақсатында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылды.

Іс-шараға әскери бөлімнің басшылығы, ардагерлер, сондай-ақ сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.

— Сіздердің қызмет кезеңіңізде жауынгерлік сайысты орындау бойынша нәтижелерге қол жеткізілді және күш-жігерлеріңіздің арқасында бөлімнің алдына қойылған барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттер орындалды. Сіздер Отанның ұлттық және қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге лайықты үлес қостыңыз, барлық жүктелген міндеттерді абыроймен орындадыңыздар, — деп атап өтті 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рахпанов.

Білім сертификатының иегерлерінің бірі Рүстем Шәкенов болды. Ол Қарағандыдан шыққан. Қызметтің 12 айында ол өзін жақсы жағынан көрсетті және әртүрлі жетістіктері үшін 785 ұпай жинады.

— Бөлімде қызмет өткеру кезінде мен дене шынықтыру, мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша күнделікті сабақтардан өттім және басқа да бағыттар бойынша жақсы нәтижелер көрсеттім. Бұл үшін маған жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік берілді, — дейді Рүстем.

Айта кету керек, мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар осы сертификаттармен жоғары оқу орнына екі жыл ішінде түсе алады.