Шымкентте 7597 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленді

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, сәуір айында 7597 отбасыға яғни, 36 465 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек төленген деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Биылғы жылдың 2 тоқсанына өтініштер онлайн қабылданды. Азаматтар өздеріне қатысты мәліметті Egov.kz порталына кіріп ЖСН нөмірін енгізу арқылы көре алады. Халық денсаулығының қауіпсіздігін қорғау мақсатында АӘК алуға құжат тапсыру, оның тағайындалғаны жөнінде білу және төлемдерді жүргізу жұмыстарының барлығы онлайн атқарылып жатыр. Есесіне азаматтардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.  Дегенмен, азаматтардың атаулы әлеуметтік көмекке қатысты сұрақтары көп. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков бүгін азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн қабылдап, осы сауалдарға жауап берді. Халық үні тыңдаусыз қалмады.  әкім орынбасары әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Тиісті басқарма басшыларына  құзіреттеріне байланысты нақты тапсырмаларды жүктеді.  Жалпы атаулы әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңы мен «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» заңына сәйкес отбасының табысы кедейшілік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға тағайындалып төленеді.  2021 жылдың екінші тоқсаны бойынша кедейшілік шегі 22 535 теңгені құрайды.  Мемлекет тарапынан беріліп жатқан қаржылай көмектің уақытша қолдау екендігін де түсіну қажет. Бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту мақсатында Шымкент қаласында бірқатар шаралар кешені іске асырылуда.  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде құрылып отырған жаңа жұмыс орындары жұмыссыздықты азайтудың басты құралдарының бірі болып отыр. Арнайы бағдарламалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.