Шымкенттік дәрігерлер сауда орталықтарында қабылдау өткізді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Дені саудың жаны сау!» тақырыбында денсаулық күні акциясын өткізді. Аталған акция аясында қалалық емханалардың бейінді мамандары «Шымкент-Плаза», «Мега-Планет», «Север» сияқты ірі сауда орталықтарында сатушылар мен қала тұрғындарын тегін қабылдап, медициналық көмек көрсетті. «Пандемия кезінде осындай денсаулық акцияларын ұйымдастыру өте маңызды. Мұндағы бір ерекшелік, келушілерді бейінді медицина қызметкерінің қабылдауына алдын ала жазылуға міндеттемейді»,- деді, қаланың адам көп жиналатын сауда орталықтарының біріне арнайы келген №1 емхананың бас дәрігері М.Бейсеуов. Сауда орталығында жұмыс істейтін Еділ Ақбаев: «Көбіне жұмыстан қол босамай денсаулығымызға көңіл бөлмей кететініміз рас. Алдымызға дәрігерлердің өзі іздеп келіп тұрғанда, мұндай мүкіндікті жібермейін деп кардиолог пен окулисттің кеңесін алдым. Көзім мен жүрегім мазалайтын. Емханаларға барсаң кезек көп болады. Алдын ала жазылу арқылы қабылдайды. Бұл жерде іздеген дәрігерлерімнің келгеніне қунаып тұрмын. Қолыма рецепт жазып берді. Енді ем қабылдап, денсаулығымызға да қараймыз. Осындай акциялар жиі болып тұрса, халық үшін пайдалы ғой, — деп өз ойымен бөлісіп, дәрігерлерге алғысын білдірді.Сонымен қатар, «Дені саудың – жаны сау!» акциясы аясында қаланың шалғай аудандарында да бейінді мамандардың тексеруі өтуде. Атап айтқанда, №11 қалалық емханасына қарасты «Ақтас» дәрігерлік амбулаториясында №10 қалалық емханасына қарасты «Қайнар» ФАП-де, №12 қалалық емханасына қарасты «Шапырашты» дәрігерлік амбулаториясында, №7 қалалық емханасына қарасты «Тоғыс» дәрігерлік амбулаториясында халыққа медициналық көмек көрсетуде.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы