Шымкент полицейлері құны 1млн 300 мың теңге тұратын жоғалған бие мен құлынды тауып, иесіне қайтарды

Абай аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын құны 1 миллион 300 мың теңге тұратын бие мен құлынын жоғалтқанын айтып арызданды. Жәбірленушінің сөзінше, сыртқы есіктің ашық қалуына байланысты аулада жайылып жүрген жануарлар белгісіз бағытқа шығып кеткен.

Өз бетінше жүргізген іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеген соң ер адам полицияның көмегіне жүгінген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобының жетекшісі Мырзан Бекжан мен учаскелік полиция инспекторы барып, істің мән-жайын нақтылап, жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. 

Тәртіп сақшыларының  шапшаңдығы мен кәсібилігінің арқасында бие мен құлын 1 сағатқа жетпей, үйінен 10 шақырым қашықтықта жайылып жүрген жерінен табылды. 

Полицейлер үй иесіне жануарларды қараусыз қалдырмауды,оның соңы мал ұрлығымен немесе түрлі жол-көлік оқиғаларымен аяқталуы мүмкін екенін ескертті. Өз кезегінде жергілікті тұрғын тәртіп сақшыларына адал қызметі үшін ризашылығын білдірді.

Шымкент қаласының ПД