Шымкент шағын және орта бизнес үшін қолайлы орта

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шымкентке арнайы келіп, қала әкімін тағайындау мақсатында мәслихат депутаттарының жиналысына қатысқан болатын. Жиын барысында мегаполистің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековке маңызды тапсырмалар жүктеп, қаланың кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктеріне арнайы тоқталды.

Шымкенттің қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы бар қала болуға тиіс екенін ескерткен Үкімет басшысы ол үшін инвесторларға тиісті жағдай жасалып, мегаполистің дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық берілетінін айтты.

«Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Айта кетейік биылғы 7 айда Шымкент қаласының экономикасының барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалды. Шымкент қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылғы қаңтар-шілде айларының аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 574 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызды көрсеткен.

Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор екені белгілі. Атап айтқанда, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд. теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр.

Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.