Шымкент қаласының ТЖ департаменті жылу беру маусымының қорытындысын шығарды

Жылу беру маусымының қорытындысы және жазғы өрт қауіпті кезеңінде орман, дала өрттерін алдын алу бойынша брифинг өткізілді.
Шымкент қаласы ТЖ департаментінің Дағдарыс орталығында брифинг өткізілді. ТЖ департаменті бастығы полковник Мадияр Жақсибаев бас спикер болып сөз сөйледі. Департамент бастығы
Шымкент қаласының 2021-2022 жылдары жылу беру маусымында орын алған өрттерге тоқталып, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 9,1% — ға, материалдық шығын да 34 % төмендегенін атап өтті. Сонымен бірге улы газбен улану жағдайлары тіркелмегендігін алға тартып, табиғи газбен улану бойынша 5 жағдай орын алғандығын айтты. Улану фактілері бойынша 6 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алды.
Қала аумағында жаңадан салынған көпқабатты 2454 тұрғын үйде 2022 жылы автоматты бақылау жүйесін орнату жоспарлануда. Ал 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңінде әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың үйлерінде 1208 автономды газ сигнализаторы орнатылды. Жылыту маусымы 1 сәуірде аяқталғанына қарамастан, табиғи газбен улану жағдайлары әлі де орын алуда. Қала тұрғындарына газ жабдығын орнату кезінде лицензиясы бар мамандарға жүгіну қажет. Жазғы өрт қауіпті кезеңінде қала аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді алдын алу шаралары жүргізілуде.
Қала аумағында егістік алқабы 17 210,2 га құрайтын 60 шаруа қожалығы, 2 орман шаруашылығы есепке алынған. Орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында қала аумағында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 53 шақырым, жергілікті автомобиль жолдарының бойларында 320,2 шақырым, орман қоры жерлерінде 300 шақырым және егістік алқаптарында 377 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Болуы мүмкін орман және дала өрттерін дер кезінде сөндіру мақсатында аудан әкімдіктері тиісті елді мекендерде жалпы 405 адамдардан тұратын 42 ерікті өрт сөндіру құрылымдарын құрды. Олар, 69 бейімделген қосалқы техникалары мен 14 өрт сөндіру мотопомпалармен жабдықталған. Шымкент қ.ТЖ департаменті 24 бірлік техника және 100 адам жеке құрам дайындыққа келтірді. 2019- 2021 жылдар аралығында қала аумағында дала-орман өрттер тіркелмеген.

Шымкент қ.ТЖД қоғаммен байланыс тобы