Экология министрі Қазақстанның геологтарын кәсіби мерекелерімен құттықтады

young woman engineer checking solar panel at solar power plant

Қазақстанда жыл сайын сәуір айының бірінші жексенбісінде Геологтар күні аталып өтеді. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter парақшасында еліміздің геологтарын осы атаулы мерекемен құттықтады деп хабарлайды ҚР ЭГТРМ баспасөз орталығы.

«Бүгін еліміздің геологтары саладағы кәсіби мереке – Геологтар күнін атап өтуде. Бұл атаулы датаны осыдан 10 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берді. Біз кен орындары мен саланың дамуы туралы айтқанда ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев пен оның мүдделестерін де зор құрметпен еске аламыз. Инженер-геологтардың еңбегімен еліміздің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етіп келе жатқан барлық кен орындары ашылды десек болады», — деп жазды министр.

Ведомство басшысы еліміздің индустриалдық дамуы геологиялық саласына тікелей тәуелді екенін атап өтті.

«Игеріліп жатқан кен орындарының көптігіне қарамастан, Қазақстанның жер қойнауының жаңа ашылулар үшін әлі де потенциалы жоғары. Минералдық шикізатқа деген осы перспективаның барлығы да еліміздің келешек экономикасы үшін өте маңызды. Қазақстанның индустриалдық дамуы мен инвестициялық нысандардың салынуы саланың ахуалына, инфрақұрылымына, кәсіби кадрларға, технологиялық және ғылыми қамтамасыз етілуіне тікелей байланысты. Геология саласының барлық қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Жер қойнауын зерттеуде жаңа ашылулар тілеймін. Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз бен жақындарыңыз аман болсын!», — деді Мағзұм Мырзағалиев.