Этномедиацияны жүзеге асыру – уақыт талабы!

Шымкент қаласында этносаяси сауаттылықты арттыру, этносаралық қатынастар саласының ерекшеліктерін және оқиғаның қате интерпретациясының салдарын түсіндіру мақсатында «Этномедиацияны жүзеге асыру – уақыт талабы» атты семинар-тренинг өтті. Семинар-тренингке «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы өкілдігінің директоры Лаура Ақшегірова, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жани Қамбар, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, «Татуластыру орталығы» және «Заң клиникасының» медиаторлары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Шымкент қаласы департаментінің қызметкерлері, кәсіподақ активі қатысты. Жиында сөз алған «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев медиация тараптардың дауларды реттеудің ерекше нысаны болып саналатынын жеткізді. Бауыржан Ілімшеұлы жанжалдардың алдын алуды және оларды сотқа жеткізбей шешуді, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын нығайтуды көздейтіндігін айтты. Бұл қоғамда прагматизмді қалыптастырудың, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің, эволюциялық дамуының маңызды бағытының бірі екенін атап өтті.Сондай-ақ, Бауыржан Ілімшеұлы «Заң клиникасының» жұмысына тоқталды. Заң клиникасында тәжірибелі заңгерлер, медиаторлар, психологтар, сондай-ақ құқық қорғау, білім беру жүйелерінде, мемлекеттік құрылымдарда, заң компаниялары мен қоғамдық ұйымдарда қызмет еткен мамандар кәсіподақ мүшелеріне еңбек заңнамасы мәселелері бойынша тегін заңгерлік кеңес беретінін мәлімдеді.Жиында «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Жани Қамбар тұрмыстық сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел екенін жеткізіп, бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс екенін және бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отырғанын мәлім етті. Сонымен қатар, Жани Қамбар Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы жобасының таныстырылымын жасады. Сөз соңында Жани Қамбар тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның ішінде азаматтардың санасын өзгерту жолымен біздің қоғамымызда осы зұлымдық толық жойылғанға дейін біздің жалпыға ортақ идеологиямыз болуға тиіс екенін жеткізді. Осыған байланысты медиацияның шешуші жұмыс атқарып отырғанын ұмытпады.

Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы