«Іс қағаз жүргізу: стандарт, тәжірибе, нәтиже» атты семинар-тренинг өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясатың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі» деген болатын. Осыған орай, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен құжаттарды мемлекеттік тілде рәсімдеудің қазіргі уақытта қолданыстағы қағидалармен таныстыру, құжатты сауатты толтыру тәртібін, оларға қойылатын талаптарды жеткізу мақсатында «Іс қағаз жүргізу: стандарт, тәжірибе, нәтиже» атты семинар-тренинг өтті.

Мемлекеттік тілді қолдану туралы ой қозғауды мақсат тұтқан басқосуға Шымкент қаласындағы департамент, басқармалар мен аудан әкімдерінің кадр мамандары, ісқағаз жүргізушілері және мемлекеттік тілге жауапты мамандар қатысты. Жиында құжатқа қоятын талаптардың орындалмауы, құжат жазу барысында қазақ тілінің грамматикалық, стилистикалық қателіктерін жіберуі туралы сөз қозғалды.

–Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда Мәдениет және спорт министрлігінен бекітілген құжаттаманы жасау және басқару деген қағида бар. Осы бойынша нақты үлгілер берілген. Сол үлгілер бір мекемеге жетсе, бір мекемеге жетпеуі мүмкін. Ол құжат мәтіндік және қосымша деп аталатын екі бөліктен тұрады. Мәтіндік бөлігінде егжей-тегжейлі, жалпы бүкіл салада жазылатын құжаттардың ережесі берілген де, ал қосымша бөлігінде үлгілер шаблон түрінде берілген. Бұйрықтар, хаттама, акт, анықтама деген сияқты барлық салада жазылатын құжаттардың үлгілерін заң, параграф, әділет сайттарынан дұрыс нұсқасын ала аласыздар, – деді Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдестемелік орталығының оқытушысы Айткүл Жұмаева.