Ішкі талдау нәтижесінде 150-ден астам сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды

Жанысбек Өтегеннің төрағалығымен өткен жиынға Комиссия мүшелері, сонымен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша депаратаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Аянай Раева, мемлекеттік органдар басшылары мен қызметкерлері, қоғам белсенділері қатысты.

 Күн тәртібінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу нәтижесі, сонымен қатар жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, құрылыс  салаларындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар қаралды.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Ж.Жұмабаев қатысушылар назарын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу барысына аударды.

«Мемлекеттік органдар тарапынан 5 жыл бойы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін өз бетінше анықтау және жою жұмыстары формальды түрде жүргізіліп келген.

Ішкі талдауды формальды жүргізу, тәуекелдерді жасырып қана қоймай, оның салдары ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасауға әкеп соқтырады. Жыл басынан бері әкімдіктің 22 басқармасы мен 4 аудан әкімдігінде ішкі талдау жүргізіліп, нәтижесінде 150-ден астам сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Сонымен қатар, Ішкі саясат және жастар басқармасы, цифрландыру басқармасы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тарапынан ішкі талдау тиісті жүргізілмей, 1-3 тәуекелдерден ғана анықталған» — деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ Департамент өкілі жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау ұйымның жұмыс актілерін, негізгі қызметін дербес зерделеуге, талдауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және оларды өз күштерімен жоюға мүмкіндік беретінін атап өтіп, мемлекеттік органдар басшыларын талдауды сапалы жүргізуге байланысты ұсыныстар берді.

Сонымен қатар, Комиссия отырысында Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Баимбетов, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жодасбеков мекеме тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.

Комиссия отырысында  «Сынақ» мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту және әлеуметтік құқықтарын іске асыру, қорғау» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің денсаулық сақтау, тұрғын үй салалары мен қала әкімдігі қызметкерлеріне қатысты шағымы талқыланды.

Сондай-ақ, азаматша Аягүл Замбаеваның заңсыз құрылысқа қатысты мемлекеттік органдардың әрекетсіздігіне, ал қала тұрғыны Әйгерім Ділдәбекованың тұрғын үй саласына қатысты уәждері тыңдалып, мемлекеттік органдар тарапынан түсіндірме берілді.