Ішімдік ішіп, өзгенің көлігін айдап әкеткен жамбылдық тұрғын ұсталды

Жамбыл аудандық полиция бөліміне Шайдана ауылының 44 жастағы тұрғыны хабарласып, өзіне тиесілі «ВАЗ-2121 214» маркалы автокөлігі жоғалғанын айтты. Ол Жаңа жыл мерекесін атап өту үшін көрші фазендаға барғанын, онда бірге алкогольдік ішімдік ішкен малшылардың бірі көлігін ұйықтап жатқанда жасырын айдап әкеткенін көрсетті.

Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аталған көлік 31 жастағы малшымен бірге ауыл маңындағы жол жиегінде табылды.

Аталған дерекке қатысты “Автомобильдi жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу” және “Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жалғасуда.

Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі