Қазатомөнеркәсіп цифрлық технологияларды өндірістік қауіпсіздікке енгізеді

Шымкент қаласында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өндірістік қауіпсіздікті цифрландыруға арналған форум өткізді. Іс-шараға атом холдингінің еншілес және тәуелді ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері қатысты. Форумға қатысушылар өндірістік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ радиациялық және ядролық қауіпсіздік саласында автоматтандыру мен цифрландыруды енгізу мәселелерін талқылады.

Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны «KAP Technology» ЖШС (атом холдингінің IT-интеграторы) өндірістік қауіпсіздік саласында еКАР және еKAP HSE ақпараттық жүйелерін дамыту жоспарларын, атап айтқанда персоналды қауіптілігі жоғары жұмыстарға жіберуді басқару процестерін автоматтандыруды ұсынды.

«Әрбір қызметкердің қауіпсіздігі мен денсаулығы Қазатомөнеркәсіптің басты басымдықтары болып табылады. Компания түрлі апаттар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар мен озық әлемдік тәжірибені қолданады, сондай-ақ атом холдингінің барлық кәсіпорындарында қауіпсіздік мәдениетін арттыру үшін өз қызметкерлерімен жүйелі түрде жұмыс істейді.  Қауіпсіздік саясатының негізгі элементі – өндірістегі жарақат деңгейін нөлге дейін төмендетуге бағытталған Vision Zero тұжырымдамасы. Осы мақсатқа жету үшін Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті қорғау жүйелері үнемі жетілдіріліп отырады, тұрғындар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, заманауи автоматтандырылған және цифрлық жүйелер енгізіледі», — деп атап өтті «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Мұхит Мағажанов.

Сондай-ақ, форум аясында өндірістегі бейнесараптау жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Цифрлық шешім қызметкерлерді анықтауға және тануға, объектінің аумағындағы жағдайды бақылауға, қызметкерлердің қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау нормаларын сақтауын қадағалауға мүмкіндік береді. Сараптаудың көмегімен өнеркәсіп мамандары ықтимал қауіпті жағдайларды анықтап, оқыс оқиғаларды тергеу үшін жүйені қолдана алады.

«Бұл жобалар қызметкерлерді ауысым алдындағы медициналық куәландыру, персоналды ауысым алдындағы және ауысымнан кейінгі медициналық тексеру, қауіптілігі жоғары жұмыстарды орындауға рұқсат беру, қауіпті жағдайлар мен іс-әрекеттерді тіркеу, нұсқамалардан өту сияқты процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның «KAP Technology» ЖШС бас директоры Николай Мельников.

Сонымен қатар, іс-шарада SAP EHSM ақпараттық жүйесі ұсынылды. Жоба қоршаған ортаны қорғауды, еңбек пен денсаулықты жақсартуға, қауіпсіз жұмыс ортасын құруға, өндірістегі апаттар мен оқыс оқиғаларды азайтуға көмектеседі.

Цифрлық инновацияларды пайдалану атом холдингіне өндірістік қауіпсіздіктің тиімділігін арттыруға және компанияның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ