Қазақ-Корей бірлескен білім ордасын ашу жоспарланып отыр

Түркістан облысында Қазақ-Корей бірлескен білім ордасын ашу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта Оңтүстік Кореяның жетекші оқу орындарының бірі Woosong университетінің басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгін шетелдік дегегациямен кездесіп, IT мамандығы бойынша студенттерді дайындайтын бірлескен оқу орнын ашу бойынша жан-жақты талқылады. Жоғары оқу орны өндіріске негізделген техникалық маман дайындайды.

Оқу орнының саясаты мен мақсатын Woosong университетінің халықаралық мектебінің атқарушы деканы Ли Ю Тек түсіндірді. Сұранысқа ие мамандық таңдау оқу орнының берер мүмкіндіктерімен бөлісті. Халықаралық білім ошағының ғылыми орталығы Теджонгта орналасқан және 70 жылдық тарихы бар. Халықаралық білім ордасында 16 мыңнан астам бала білім алады. Оның ішінде әлемнің 85 мемлекетінен келген студенттер бар. Профессорлық құрамы 1 мың адамнан асады. Оқу барысын онлайн және офлайн платформада өткізеді. Оқу орны түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша Кореяда үздік үштікте. Университетте Қазақстаннан барған 40-тан астам жас білім алады.

Жасанды интеллект, яғни адамның ойлау процесін компьютерлік жүйелермен модельдеу бойынша инновациялық зертханалар жұмыс істейді. Киберқауіпсіздік бойынша мамандарға сұраныс артқан. Түлектер басқару мен өндіріс саласын бірге меңгереді. Осы бағытта Түркістан өңіріне ыңғайластырып, ауыл шаруашылығындағы ақпараттық жүйелер саласын жетілдіруге күш салынбақ.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім сапасын арттыру үшін әлемдегі озық жоғары оқу орындарының филиалдарын елімізде ашуды тапсырғаны белгілі. Бұл ең алдымен білікті мамандарды оқытып шығаруға, жоғары технологияларды игеруге жол ашады.

– Түркістан облысында IT мамандарға басымдық беруді көздеп отырмыз. Негізгі бағыттың бірі – оқу орындарын Түркістан өңірінде ашу. Ауыл шаруашылығы мен техникалық салаларға басымдық беріледі. Қазіргі таңда бізде екі халықаралық универитетіміз бар. Онда 12 мыңға жуық студент білім алуда. Оңтүстік Кореяда техникалық сала бойынша мықты білім ордалары көп. Бұл сала жақсы дамыған. Сондықтан осындай оқу орнын өзімізде ашсақ деген ниетіміз бар, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Пандемия кезінде ақпараттық жүйелер саласына қызығушылық арта түсті. Бұған қашықтан онлайн жұмыс істеу тәсілі де әсер етті. Көптеген компаниялар автоматтандыру жүйесіне көшіп жатқандықтан IT мамандарға деген қажеттілік артты. Сондықтан Түркістан облысындағы еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын екіжақты зерттей келіп, жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі