Тәуелсіз Қазақстанның басты мұраттарының бірі – ұлттық бірлік пен рухани тұтастықты сақтау. Осы жолда айқындалған «Мәңгілік Ел» идеясы елдің болашағын айқындайтын стратегиялық бағдар ретінде қалыптасты. Ал осы ұлы идеяның негізінде жатқан басты құндылықтардың бірі – қазақ тілі. Сондықтан «Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі» ұғымы елдің рухани тірегі мен ұлттық болмысының өзегін білдіреді.
Қазақ тілі – ғасырлар бойы қалыптасқан, халқымыздың тарихы мен мәдениетін, дүниетанымы мен салт-дәстүрін бойына сіңірген асыл мұра. Ол – ұлттың жаны, халықтың рухани коды. Тіл арқылы ата-бабаларымыздың даналығы, шешендік өнері, әдебиеті мен мәдениеті бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілін сақтау мен дамыту – тек тіл мәселесі емес, бұл – ұлттық қауіпсіздік пен рухани тәуелсіздіктің кепілі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақ тілі білім беру жүйесінде, мемлекеттік басқаруда, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар, заманауи технологиялар мен цифрлық кеңістікте қазақ тілінің үлесі артып, оның жаңа мүмкіндіктері ашылуда. Бұл – тілдің заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді.
«Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда тілдің біріктіруші рөлі ерекше. Қазақстан – көпэтносты мемлекет, сондықтан ортақ тіл қоғамдағы келісім мен татулықтың негізгі құралы болып табылады. Қазақ тілі – елдегі барлық азаматтарды біріктіретін, ортақ құндылықтарға жетелейтін күш.
Сонымен қатар, әрбір азаматтың ана тіліне деген құрметі мен жауапкершілігі де маңызды. Тілді дамыту тек мемлекеттік саясатпен шектелмейді, ол әр адамның күнделікті өмірінде көрініс табуы тиіс. Қазақ тілінде сөйлеу, оны құрметтеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.
Осы орайда Сауран ауданында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» тақырыбында мазмұнды түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Аталған іс-шаралар «Қарашық ЖББМ» және «Тұран ЖББМ» мектептерінде ұйымдастырылып, оған оқушылар мен ұстаздар қауымы белсенді қатысты. Кездесудің басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызын түсіндіру, оның этносаралық қатынастағы рөлін кеңінен насихаттау және жас ұрпақтың тілге деген құрметін арттыру болды.
Іс-шара барысында қатысушыларға қазақ тілінің ел бірлігін нығайтудағы орны, оның ұлттық болмыс пен рухани құндылықтардың негізі екені жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді меңгеру – әрбір азаматтың парызы екені атап өтіліп, тіл арқылы ұлттың мәдениеті мен тарихы сақталатыны жөнінде тағылымды ойлар айтылды.
Кездесу барысында оқушылар өз пікірлерімен бөлісіп, тілдің болашағы, оны дамыту жолдары туралы ой қозғады. Мұндай ашық пікір алмасулар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын, белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, шара аясында тіл мәдениетін сақтау, сауатты сөйлеу мен жазу дағдыларын жетілдіру мәселелері де назардан тыс қалмады. Қатысушыларға күнделікті өмірде мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, оны құрметтеу және насихаттау жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Осындай мазмұнды кездесулер жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттырып қана қоймай, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін нығайта түседі. Мемлекеттік тіл – елді біріктіретін басты құндылықтардың бірі екенін түсіндіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Қорытындылай келе, «Мәңгілік Елдің мәңгілік тілі» – бұл тек ұран емес, ол – ұлттық сананың, рухани жаңғырудың және ел болашағының айқын көрінісі. Қазақ тілі дамыған сайын, Қазақстан да дамиды. Ал тілдің ғұмыры ұзақ болса, Мәңгілік Ел идеясы да мәңгі жасай бермек.
