«Қалың қалай бастауыш?» акциясы аясында кездесу өтті

Бүгін «Қалың қалай бастауыш?» акциясы аясында Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында кәсіподақ мүшелерімен кездесу өтті.Кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Р.Ақжігітов, ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Р.Шерімов пен бастауыш кәсіподақ төрайымы Қ.Баимбетова және кәсіподақ мүшелері қатысты.Р.Ақжігітов қатысушыларға кездесу Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясында белгіленген міндеттерді орындау мақсатында бастауыш ұйымдарды қолдау және еңбек ұжымдарымен тікелей «Кері байланыс» орнату мақсатында аясында өткізіліп отырғанын жеткізді. «Кәсіподақ қолданыстағы заңнаманың негізінде еңбек адамының құқықтарын қорғайтын бірден-бір қоғамдық ұйым. Азаматтардың еңбек қатынастары даулары мен түрлі әлеуметтік мәселелерін шешу үшін Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Заң клиникасы» мен «Татуласу орталығы» құрылып, тегін қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта кәсіподақ техникалық инспекторларға оқыту жоспарлануда» деп сөзін аяқтады. Отырыс барысында қатысушылар бастауыш ұйымының әлеуметтік әріптестік жылындағы қоғамдық қызмет пен өзара іс-қимыл перспективалары талқыланып, еңбек адамының кауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік жағдайын көтеру, еңбек жастарын қолдау мәселелеріне тоқталды. Кездесу соңында бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері аталмыш шаралардың жиі болуына тілек білдірді.Айта кетерлігі, бүгінде Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында жалпы 133 қызметкер жұмыс атқарады. Оның ішінде кәсіподақ мүшелігінің құрамында 129 адам бар. Мұндағы кәсіподақ театр әкімшілігімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Кәсіподақ тарапынан әр мерекеде ұжым қызметкерлеріне марапаттар, Федерацияның мақтау грамоталарымен құрмет көрсетіліп отырады. Сондай-ақ, 2019 жылы Республикалық Салалық мәдениет спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының сараптамалық анықтамасы бойынша Бас жүлдені иеленді.

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы