Қаратау ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың үлесі 4 есеге артқан

Қаратау ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамту үшін биыл үш елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні Тұран шағынауданында құрылыс аяқталып, абоненттеу жұмыстары атқарылып жатыр. Тассай тұрғын алабы мен Нұртас шағынауданында құбыр тарту құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады екен. Бұл туралы баспасөз брифингте аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов мәлімдеді.

Өткен жылы ауданға сапалы электр жүйесін жеткізу үшін 4 нысанда, Тұран, Нұртас шағынауданында және Достық шағынауданында І-ІІ кезеңнің құрылыс жұмысы жүргізілген. Биыл Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағындағы 1200 абонентке электр қуатын тарту құрылысы атқарылып жатыр.

–Электр жарығы бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Мекеме Тассай, Таскен, Қайтпас және Сайрам елді мекендерінде электр желілері мен транформаторларды жаңалап жатыр. Тассайда бір трансформатор орнатылып, 12,5 шақырым жаңа электр желісі тартылды. Таскен тұрғын алабында – 2, Қайтпас шағынауданында – 1, Сайрам тұрғын алабында 8 трансформатор қойылды, — деді аудан әкімі.

Ауданда 494 көпқабатты үйдің 447-сі орталықтандырылған жүйеден жылу алады, 47-сі автономды құрылығының көмегімен жылиды. Бүгінге дейін барлық көпқабатты үйде сығымдау жұмыстары аяқталып, толық жылу берілген.

Қаратау ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың үлесі 4 есеге артқан. 2022 жылы тұрғындардың ұсынысымен 20 жоба жүзеге асырылса, биыл 92 жобаны іске асыру көзделген. Халық ұсынған 62 жобаға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, бүгінге дейін 52 жобаның құрылысы аяқталыпты.

Сонымен қатар, 2023 жылы Қаратау ауданында 41 балалар ойын алаңы және 12 спорт алаңын салу жоспары бекітілген. Бүгінге дейін 34 балалар алаңы мен 7 спорт алаңша пайдалануға берілді. Қалған аулаларда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.