Қош келдің, Мәуліт!

Бүгін қаламыздың бір топ кәсіпкерлері, қалалық ішкі саясат бөлімінің және орталық «Ысқақ» мешітінің ұйымдастыруымен мұсылман баласы үшін маңызды мейрам Мәуліт мерекесіне арналған жиын өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Егізбаев, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Н.Мансур, облыстық діни басқарманың өкілдері, қала және ауылдық округ имамдары мен қала тұрғындары қатысты.Салтанатты шараны ашқан қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев: — «Бүгін Сіздер мен біздер әлем халықтарының төрттен бірі ұстанатын, дүниежүзіндегі 258 мемлекеттің 120 мемлекетінде басым бөлігі тұратын, ислам дініндегі бір миллиард алты жүз миллионнан астам мұсылмандар тойлайтын ұлы мерекелерінің бірі — екі дүниенің сұлтаны, соңғы Пайғамбарымыз Хазіретті Мұхаммедтің (саллалаху уәлейки уәссәлләмнің) туған күні — Мәуліт мерекесін атап өтуге жиналып отырмыз. Арыс қаласы әкімдігі атынан Сіздерді, Сіздер арқылы қаламыздың барлық тұрғындары мен қонақтарын Мәуліт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!» — деп жиналғандарды мерекемен құттықтады.Қаламыздың бас имамы Қ.Қазыбаев Алла елшісіне салауат жолдау, адамгершіліктің, мейірімділіктің, әділдіктің асқақ үлгісін көрсеткен оның рухани және тұлғалық болмысын құрметтеу, сүннетіне сай ізгі жолын, имани қасиеттері туралы және Мәуліт айының маңыздылығына тоқталып, игі іске мұрындық болған қаламыздың бір топ кәсіпкерлеріне алғыс білдірді.Шараға арнайы қонақ болып келген Сарыағаш ауданының бас имамы Төлебек Тұрлыбек Мұхаммед пайғамбардың өмірі мен өнегелі істері туралы уағыз айтып, көпшіліктін ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында көпшілік қауым Мәуліт айының құрметіне арналып жайылған дастарханнан дәм татып, ризашылық көңіл-күймен тарқасты.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі