Қазіргі кезеңде қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту – мемлекет пен азаматтық қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет ретінде бейбітшілік пен қоғамдық келісімді басты құндылықтардың қатарына қояды. Түрлі этнос пен діни бірлестіктердің өзара сыйластықта өмір сүруі еліміздің тұрақты дамуының және бірлігінің берік негізі болып саналады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматтың ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар еліміз зайырлы мемлекет қағидаттарын ұстанады. Бұл – әр азаматтың өз таңдауы бойынша діни сенімін ұстануға немесе ешқандай дінді ұстанбауға құқығы бар екенін білдіреді. Зайырлылық қағидаты қоғамдағы татулықты, заң үстемдігін және азаматтардың теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Діни тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі – тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру. Дін туралы дұрыс әрі сенімді ақпаратқа ие болған адам радикалды және деструктивті идеологиялардың ықпалына түсу қаупін азайтады. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық алаңдарда түсіндіру жұмыстарын жүргізу, білікті мамандардың қатысуымен кездесулер ұйымдастыру және жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту ерекше маңызға ие.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу де діни тұрақтылықты нығайтудың маңызды бағыты болып табылады. Халқымыздың салт-дәстүрі, ана тілі, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, қонақжайлық пен өзара сыйластық сияқты құндылықтар қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтады. Дәстүр мен рухани мұраны құрметтеу жастардың ұлттық болмысын сақтап, олардың отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл іске білім беру ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, діни бірлестіктер, ата-аналар мен жастар белсенді қатысқанда ғана нәтижелі болады. Өзара құрмет, төзімділік, заңға бағыну және азаматтық жауапкершілік қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі тірегі болып қала береді.
Шардара ауданында Максим Горький атындағы жалпы орта мектебінде дін саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту бағытында маңызды ақпараттық-түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – аудандық жұмыспен қамту бөлімінің әлеуметтік сала қызметкерлері, мәдениет саласының мамандары, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, қала және ауылдық округтердің дін саласына жауапты мамандарының діни сауаттылығын арттыру, деструктивті діни ағымдардың алдын алу, интернет кеңістігіндегі ақпараттарды саралай білу дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастырып, «Заң мен тәртіп» қағидаттарының маңызын түсіндіру болды.
Жиынға арнайы қатысып, өз ойларымен бөліскен білікті мамандар:
Фатима Сарыбайқызы Айдарбекова – Түркістан облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы;
Медет Халықов – Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры;
Дәурен Аманов – «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы;
Асылхан Қасымұлы Данияров – Шардара ауданы ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі әдіскері;
Алмас Әмзеұлы Оспанов – Шардара ауданы ішкі саясат бөлімінің дін істері жөніндегі сектор меңгерушісі.
Кездесу барысында сарапшылар діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігіндегі күмәнді ақпараттардан сақ болу, дәстүрлі құндылықтарды сақтау және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.
Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қатаң сақтаудың маңызы ерекше атап өтілді. Мемлекеттің құқықтық негіздерін құрметтеу, заң талаптарын сақтау және азаматтық жауапкершілікті арттыру – қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың кепілі екендігі түсіндірілді.
Жиын соңында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Мұндай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
