Қызыл қаптан кілем тіккен

Апта аралығында аудан әкімі Сәкен Арубаев пен орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы егістік алқаптарына барып, жиын-терім науқанының өту барысын қарап шықты. Алдымен өңір басшысы Аса ауылдық округіне қарасты «Altyn Alma» ауылдық кооперативінің 50 гектар алма бағына барды.Кооператив төрағасы Ұлбала Құлыбекова алма өсірумен 3 жылдан бері айналысуда. – Өздеріңіз көріп тұрғандай алма бақты тамшылатып суарамыз. Қондырғы насос үлкен үш бассейіндегі суды 27 мың алма ағашына жеткізеді. Қазір жиын-терімнің нағыз қызған шағы. Мұнда күндік ақыға 55 жұмысшы жұмылдырып отырмыз. Әр азаматқа 5 мың теңге төлейміз. Арнайы 2 жүк артатын техника алқапта тыным таппай жүр. Биыл 300 тонна алманы шығынсыз жинап алатынымызға сенімдімін. Саудаға Польша мемлекетінен әкелінген алманың чемпион, голден, бребер, гала сұрыптарын шығарамыз. Ал өнімді өткеру оңайға соқпайды. Алма келісі 150 тг ден кем емес, – дейді кооператив төрағасы.Алма бақтағы аста-төк өнімдерді көрген өңір басшысы: – Нағыз еңбектің бел ортасында жүріп, тірліктің тінін жалғай білген өзіңіздей еңбекқор жандар көбейе берсін. Алманың тауарлы түрі көз сүйсіндірсе, дәмі тіл үйіреді екен. Саудаға өткеру мәселеңізді кәсіпкерлік бөліміне тапсырамын, – деді Сәкен Қаланұлы.Әңгімеге қосылған ауылшаруашылығы саласының ардагері Аманалы Құрбанов: «Жалпы өңірде алма бақты жайқалтып, өнім алып отырған шаруалар бар. Олар Ақбұлым, Ақбастау, Аса ауылдарына тиесілі», деп «Altyn Alma» кооперативінің шаруасы тындырымды екенін сөз етті.

Мұнан соң аудан басшылары «Шарипов» шаруа қожалығының 213 гектар қант қызылшасын көрді. Сабағы жайқалып, топырағы дым тартқан егістіктің ұшы-қиыры көрінер емес. – Тәтті түбірді баптай білген табыстың тайқазанын тасытады. Алғашқы сұрпы өнім бермей әбігерге салғанымен, алқапқа қайта соқа салып, қайта орналастырған Абдулмалик Шариповтың іскерлігін айта кеткеніміз жөн. Өзіңіз көріп тұрғандай, қант қызылшасының түбірі кесектей, – деді Ерлан Қыдыралыұлы топырақтан жотасы көрініп жатқан қызылшаны қолына алып. – Қант қызылшасының масағы қалмайды. Техникалардан қалған өнімдерді жақын маңдағы жұртшылық жинап, төрт-түлікке азық етеді, деді – Аманалы Омарұлы әңгіме арасында.

Сапарының соңында аудан басшылары қызыл қаптан кілем тіккен «Ақкөл» шаруа қожалығының 160 гектар пияз алқабына табан тіреді. Мұнда қазық жұмыстары аяқталып, тізілген жүк артатын техникаларға пияз қапшықтары артылуда. Аудандағы пияз алқабы туралы мағлұмат берген аудан әкімді ауылшаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самат Жарасбаев: «Биыл 8822 гектарға көкөніс дақылдарын орналастырсақ, 5582 гектарына пияз, 680 гектарға қант қызылшасы егілді. Оның 2300 гектары жиналып, 82 мың тонна өнім алынды. Әр гектардан 100-110 тоннадан өнім беруде», – деді.

Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі