Құланда сазгер Дүйсенәлі Бықыбаевтың шығармашылық ән кеші өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында көптеген іс-шаралар өтіп жатқаны белгілі. Осы орайда, бүгін аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, жерлесіміз, композитор Дүйсенәлі Дыбысалыұлы Бықыбаевтың «Ән-ғұмыр» атты шығармашылық кеші өтті.Шығармашылық кештің шымылдығы «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы композитордың «ДАЛА САЗЫ» атты күйімен ашылды.Құлан өңірінің тумасы, халыққа өзіндік ерекшелігі бар лирикалық әндер сыйлап, ыстық ықыласына бөленіп жүрген Дүйсенәлі Дыбысалыұлының есімі бүгінде облыс қана емес, республика көлемінде жақсы таныс. «Біз екеуміз», «Еліктей ерке қыз», «Ағайын» және басқа да әндерімен тыңдарман қауымға белгілі.Марфуға Айтхожина, Шырын Мамасерікова, Кәріпжан Нүсіпов, Әкім Ысқақ, Сейсен Қожеке, Ғайни Әлімбекқызы, Жаңыл Асылбекова сияқты белгілі ақындармен шығармашылық байланыста болған композитор шығармашылығы бұл күні киелі Құлан өңірінің аспанында қалықтады.Сазгердің шығармашылық кешіне өнерсүйер қауым көп жиналды. Сусап келген көрермендердің арасында Қазақстан Республикасының жазушылар одағының мүшелері ақын Шырын Мамасерікова мен Ғайни Әлімбекқызы, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, аудандық ақсақалдар төрағасы Бижанов Қожайхан, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Шорабек Атабаев болды.​ Туған жерге тағзым, кіндік қаны тамған топырақты қастерлеу – ұлттық санамыздағы қастерлі ұғым. Туған өлкенің өркендеуіне өздігінен үлкен үлес қосып жүрген азаматтардың бірі сазгер Дүйсенәлі Бықыбаевтың ән кеші — ән өнеріндегі ұлтымыздың өзіндік нақышын, оның ішінде жүректі тербер лирикалық сазды әндерімен жергілікті әнсүйер қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Тұрар Рысқұлов ауданының әкімдігі