Құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша сабақ өткізді

Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар орны ерекше. Тәрбиенің сан қырын қарастырсақ та құқықтық тәрбие, құқықтық сауаттылық көш ілгері болмақ. Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе бүгінде көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз.

Жас жеткіншектердің қылмысқа бой ұру мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектеп, арнаулы оқу орындары мен басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Себебі психолог мамандардың зерттеуіне сенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көргендері ерекше орын алады. Ал сабақтан тыс уақыттарда, каникул кездерінде демалыс маусымдарының дұрыс ұйымдастырылмауы, көшедегі келеңсіз оқиғалардың көптігі жасөспірімдердің қылмыс жасауына әкеп соқтыруы анық.

Кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласындағы №88 мектепте оқушылармен кездесу өтті.

Іс-шарада Қаратау Аудандық полиция басқармасы  ЖПҚБ Ювиналды полиция бөлімшесінің инспекторы полиция аға лейтенанты Гүлназ Қуатбай балаларға құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша сабақ өткізді. Жасөспірімдер арасында кеңінен тараған заң бұзушылықтың алдын алу, темекі оның ішінде электронды шылым және сабаққа кешігу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ түнгі уақытта яғни сағат 22:00-ден кейін ойынхана мен кафе, кинотеатр мекемелерде ата-анасының қарауынсыз жүрген жағдайда айыппұл төлейтіндері туралы ескертті. Тәлім мен тәртіптің маңыздылығын кеңінен талқыланып, қылмыс пен құқықбұзушылықтар үшін қарастырылғанын жауапкершілік түрлері түсіндірілді.

Кездесу аясында полиция аға лейтенанты қазіргі кездегі қоғамдағы құқықбұзушылықтың себеп-салдары, оның алдын алу жөніндегі жүргізіліп жатқан шаралар жайлы сөз қозғады. Жиынға қатысқан оқушылар мен ұстаздар қонақтарға өз көкейлеріндегі сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.