Ұрлық түбі – қорлық!

Түркістан  қалалық полиция басқармасының қызметкерлері  тұрғынның темір-терсегін ұрлап, сатып жіберген ер адамды ұстады. Нақтырақ айтсақ, полиция басқармасына жергілікті тұрғынның тарапынан арыз келіп түсті.

Жәбірленуші ер адамның айтуынша,  оның ескі сарай ішінде сақтаулы тұрған   2 самаурынын,  аккумулятор қуаттағыш пен ұсақтағыш құралын  белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Келтірілген шығын  көлемі 180 000 теңгеден асады. Түркістандық  сақшылар аталған қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Орын алған ұрлықты ашып, кінәлілерді құрықтауда тәртіп сақшылары  бірден іске кірісті. Куәлардан сұрастырып, жедел әрекет етті. Осылайша жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Ол бұрын сотты болған, жұмыссыз ер адам  болып шықты.

Белгілі болғандай, ақша керек болған ер адам түнгі уақытта арам ойын іске асырған. Оңай олжасын үй иесіне байқатпай ұрлап, заттарды металл қабылдайтын орынға өткізіп, ақшаны жеке басының қажеттілігі үшін жаратқан.

Қазіргі таңда ер адам қамауға алынып тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске сала кетейік, түркістандық тәртіп сақшылары қалада алтын жүзіктерді жымқырған азаматшаны, құрылыс аймағынан 182 метрлік кабельді ұрлаған 2 азаматты және киім дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған жас әйелді анықтап, ұстаған болатын.

Ұрлық, қылмыстық құқықта — мүлікті жасырын қымқыру. Ұрлық қоғамдық немесе жеке меншікке қарсы жасалған қылмыстардың қатарына жатады. Жәбірленуші мен басқа адамдар байқамайды деген сеніммен қылмыскердің мүлікті жасырын жымқыруы ұрлықтың тонау мен барымталаудан айырмашылығы болып табылады. Кейбір мемлекеттердің қылмыстық кодекстерінде ұрлықты мемлекеттік немесе қоғамдық меншікті иемдену мақсатындағы ұрлық және жеке меншікті иемдену мақсатындағы ұрлық деп екіге бөледі. Мемлекеттік немесе қоғамдық меншікті ұрлық үшін жеке меншікті ұрлағаннан гөрі қатаңдау жаза қолданылады. Азаматтардың жеке мүлкін ұрлағаны үшін жауапкершілікті ауырлататын мән-жайларға заң бойынша мыналар жатады: ұрлықты қайталап жасау; ұрлықты бір топ адамдардың алдын ала келісіп жасауы; жәбірленушіге едәуір залал шектіру; ұрлықты аса қауіпті кәнігі қылмыскердің жасауы.

Пайдакүнемдік мақсатпен бөтен мүлікті жасырын ұрлау. Бөтен мүлікті осы мүліктің меншік иесіне немесе өзге иеленушісіне залал келтіре отырып айыптының немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз қайтарымсыз алып қою және (немесе) айналдыру.

Айта кетейік, Түркістан қаласының полицейлері тұрғындарды заттарыңызға мұқият болуға шақырады. Сондай-ақ, ұрлық әрекетінен, өзгенің затына қол сұғушылықтан бас тартуды және ұрлық әрекетіне бару заң алдында қаралатынын қатаң түрде ескертеді.  Ұрлық түбі – қорлық! Ұрлық әрекетінен бас тартыңыздар!

Егерде осындай жағдайлар мен заңсыздықтар орын алғанына куә болсаңыздар полицияның «102» байланыс нөміріне хабарласыңыздар. Тұрғындар тыныштығы мен қауіпсіздігі заң қызметкерлері үшін басты орында.