Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс – жария-құқықтық дауларды шешудің ерекше тетігі

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Нұрдәулет Рахынбаев қалалық әкімшілік сотта 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары туралы баспасөз брифингін берді. «Мемлекет Басшысының Жолдауы негізінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қабылданып, елімізде мамандандырылған әкімшілік соттары құрылды. Қазіргі таңда аталған кодекспен реттелетін әкімшілік актілерге қатысты жария-құқықтық даулар мамандандырылған әкімшілік соттарымен қаралуда.

         2021 жылдың 1 шілдесінен бастап өз жұмысына кіріскен Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының штатында 9 судья 15 сот қызметкері жұмыс атқаруда»,-деді спикер.Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 2022 жылдың 9 айында 1272 әкімшілік талап арыздар түскен, ал өткен жылдан қалдық ретінде өткен істер саны 189 іс болса, қалдық істерді қоса алғанда жалпы 1461 істі құраған. Оның ішінде, Сот орындаушыларға қатысты даулар — 279, жер даулары — 270, мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты даулар — 111, мемлекеттік сатып алуға қатысты даулар — 106, салық даулары – 108 болса, тұрғын үйге қатысты даулар саны — 50. Осы аталған даулар жалпы түскен арыздардың 72,6 % пайызын құрап отыр.

         Сонымен қатар, есептік кезеңде жалпы түскен арыздардың 1205 арызы қаралып аяқталған, яғни 82,4 % пайызын құрап отыр. Оның ішінде 421 іс немесе 28,8 % пайызы шешім шығарумен аяқталса, 632 іс немесе 43,2 % пайызы кері қайтарылған. Кері қайтарылған істердің басым көпшілігі, яғни 14,5 % пайызы Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің 138-бабының 2-бөлігінің 11-тармағы және 15-тармағы, яғни «іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса» немесе «сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса» — деген негіздермен кері қайтарылған.

         Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің бір ерекшелігі — процестік мәжбүрлеу шаралары, оның ішінде ақшалай өндіріп алу процесі. Биылғы жылы соттың тарапынан әкімшілік процеске қатысушыларға қатысты жалпы 46 процестік мәжбүрлеу шаралары тағайындалған. Тағайындалған ақшалай өндіріп алудың жалпы сомасы 3 478 166 теңгені құраған. Қазіргі таңда, ақшалай өндіріп алу туралы сот ұйғарымдарының барлығы орындалып 3 478 166 теңге толықтай республикалық бюджеттің кірісіне өндірілген.

Әкімшілік істерді қарау барысында талап қоюшылар, жауапкерлер және басқа да іске қатысушылар тарапынан орын алған кемшіліктерге алдағы уақытта жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылданып, жеке ұйғарымдар шығарылған.

         Яғни сотпен 67 жеке ұйғарым қабылданған, оның ішінде мемлекеттік мекемелердің басшыларына қатысты – 3, мемлекеттік мекемелерге қатысты – 31, мемлекеттік мекемелердің лауазымды және жауапты тұлғаларына қатысты – 16, жеке сот орындаушыларға қатысты– 15, адвокатқа қатысты -1, басқа да тараптарға қатысты — 1 жеке ұйғарым қабылданған.

Ntime.kz