Әлеуметтік қызметкерлер футболдан жарыс ұйымдастырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне баса назар аударған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілген. Бүгінде осы жоспарға сәйкес жасөс­пірімдерге арналған спорт секциялары ашылып келеді.

Спорт –денсаулық кепілі. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек.

Осы орайда Шымкентте әлеуметтік сала қызметкерлері кәсіби мерекелеріне орай ашық алаңда шағын футболдан жарысты.

Спорттық сайысқа түскен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы қызметкерлерінің, қалалық » Еңбек мобильділігі» орталығы және 5 аудан бойынша «Мансап» орталықтары мамандарының мақсаты — бұқаралық спортты насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Әріптестер арасында бұл бағытта өзара спорттық сайыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бірақ бүгінгі жарыс ерекше. Өйткені шағын футболдан дода Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орайластырылған. Ойыншылар достық қарым-қатынасты арттырып, кәсіби мерекелік көңіл-күйде болды.

Жарыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының командасы I орынға ие болды. Қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының ойыншылары II орынды қанжығаға байласа, Тұран аудандық «Мансап» орталығының футбол сүйер мамандары III орынды иемденді. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар табыс етілді. Сонымен қатар үздік ойын көрсеткен ойыншылар 4 номинация бойынша марапатталды.

Жарыс жүлдегерлерін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков пен қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Шағдат Әсетұлы марапаттады.