Әл-Фараби қалалық кітапханасында дара тұлғаларға арналған әдеби кеш өтті

Шымкент қаласының Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында Ж. Шанин атындағы академиялық драма театрымен бірлесіп көрнекті қаламгер, кәсіби драматург, майдангер жазушы Тахауи Ахтановтың туғанына 100 жыл толуына орай “Тахауи Ахтанов тағылымы” атты әдеби кеш өткізді. Кеш кітапхана директоры, ф.ғ.к айтыскер ақын Анар Абусайылқызының алғы сөзімен бастау алды.

Театр саласында талай жыл еңбек етіп, ардагер атанған алып тұлғалар мен кітапхана ісінің шеберлері кәсіби драматург, көрнекті жазушы Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығы, елден ерек драматургиясы бойынша ой бөлісті.

Қазіргі заманғы драматургияның шырағын сөндірмей келе жатқан Сая Қасымбек пен Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Майлыбаева жазушы жайында өшпес естеліктер мен пікірлерін ортаға салды.

Театр әртістері автордың “АНТ” драмасынан үзінді орындап, Шымкент қалалық Мәдениет үйінің әншілері әсем ән шырқап, кештің сәнін кіргізді.

Сахна саңлақтары, ардагер актрисалардың жылы лебізінен кейін кітапхана директоры Анар Абусайылқызы қорытынды сөз сөйлеп, әдебиетке жаны құмар, кітапсүйер көрерменге алғысын жеткізді.

Снымен қатар Әл-Фараби кітапханасында қазақ хандығы дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілі, жырау, суырып салма ақын Шалкиіз Тіленшіұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақ жыраулық поэзиясының атасы» тақырыбындағы әдеби кеш өтті.

Қазақ поэзиясындағы жыраулық дәстүрімен, қазақ хандығы дәуірі поэзиясымен, Шалкиіз жырау шығармашылығымен таныстыратын әдеби кешке кітап сүйер қауым, әдебиетші ғалымдар, ойы озық студенттер, оқушылар мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Кеш барысында Шалкиіз Тіленшіұлының дастандарынан үзінділер оқылды.