Әскери қызметкерлерге абақтыдағы өмір таныстырылды

«Сыбайлас жемқорлық -ғасыр дерті» . Қазір қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Парақорлық пен жемқорлық кез келген мемлекеттің дамуы мен өсіп-өркендеуіне кедергі келтіреді. Сондықтан онымен күресу қоғам үшін маңызды міндет. Елімізде сыбайлас жемқорлық пен парақорлықты азайту мақсатында кешенді шаралар атқарылып келеді. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің  Шымкент қаласы бойынша департаменті Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп мемлекеттік қызметкерлерді түзету мекемелерінде қамаудағыларды ұстау жағдайларымен таныстыру тәжірибесін жалғастыруда.  Бұл жолы Шымкент гарнизоны әскери бөлімі бөлімінің, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің, қалалық әскери-техникалық мектебінің, әскери кафедралар басшылығы мен әскери бөлім командирлері, жалпы саны 90-ға жуық адам Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №69 РМ мекемесінің тергеу изоляторында болып, темір тордың арғы жағындағылардың тыныс-тіршілігін өз көздерімен көрді.

Мақсат – әскери ортада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу,  антқа адал болуды насихаттап, олай болмаған жағдайда қандай жаза күтіп тұрғанын сезіндіру болып табылады.

Тергеу изоляторының қызметкерлері тергеу кабинеттерін, қылмыскерлерге арналған камераларды, серуендеуге арналған орын мен карцерді көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тәжірибе 2019 жылдың соңынан бастау алған. Биылғы жылдың өзінде тоғыз сала өкілдерінен, атап айтқанда білім, мәдениет және қалалық орта сапасы және бақылау басқармаларының, ішкі мемлекеттік аудит, әділет, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің және тағы да басқа сала өкілдерінен 350-ден астам мемлекеттік қызметкерлер түзету мекемелерінде қамаудағыларды ұстау жағдайларымен таныстырылған.