Өңір басшысы аналар қауымын мерекемен құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады

Ардақты аналар мен аяулы арулар!Сіздерді Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Гүл көктемнің шуақты мерекесі өздеріңізді құрметтеуден басталады. Дана халқымыз ананы ардақтап, қыздарын қадірлей білген. Өйткені алып та, батыр да анадан туады. Француз жазушысы Бальзактің «Ананың жүрегі – тұңғиық, оның тереңінде әрдайым кешірім бар» деген қанатты сөзі бар. Қазақтың қайсар қыз-келіншектері қандай қиындық көрсе де, ұрпақ қамы, ел тыныштығы деген ұғымдарды биік ұстаған. Тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде намысты қыздарымыз, ардақты аналарымыз ерлермен бірге еңбек етті. Тәуелсіз еліміздің гүлденуіне үлес қосты. Әлі де шынайы жанашырлықпен еңбек етіп келеді. Әлемге мейіріммен мән беріп, сұлулықпен сән беріп жүргендеріңіз үшін баршаңызға алғысымды білдіремін. Республика бойынша көпбалалы аналарының үштен бірі Түркістан облысында тұрады. Өңірімізде 162 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олардың арасында 2700 батыр ана, 14 мыңнан астам «Алтын алқа» иегері бар, 5 мыңға жуық ардақты ана 1-2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Көпбалаы аналарға мемлекет тарапынан тиісті әлеуметтік көмек, жәрдемақылар беріліп келеді. Іскер аналарды кәсіпкерлікке баулу, жұмыспен қамту бағытында да бағдарламалар ұсынылған. «Алтын құрсақты» аналарымызға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.Құрметті ханымдар!Қызғалдақтай қарындастар!Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, ұзақ өмір, мол махаббат, баянды бақыт тілеймін! Отбасыларыңыз аман, әр күндеріңіз шуақты болсын! Жаңарған Түркістанмен бірге жаңарып, отбасыларыңызды мейірімге бөлеп жүре беріңіздер!Қызғалдақтай құлпырған қарындастарымыз бақытты, бүлдіршін қыздарымыз аман болсын! Әр отбасыға береке, ынтымақ дарып, қуанышты күндер көп болып, шаңырақтар шаттыққа тола берсін!

Өмірзақ Шөкеев,Түркістан облысының әкімі