№2 оқушылар сарайында 4590 бала 6 бағыт бойынша қосымша білім алуда

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығы Қала күніне орай жаңадан ашылған №2 Оқушылар сарайының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында баспасөз-турын ұйымдастырды.

«Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 24 наурыздағы №642 қаулысына сәйкес Шымкент қаласы білім басқармасының «№2 Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорыны құрылып, ағымдағы жылдың 25 шілдесінен бастап өз жұмысын бастады.

Қосымша біліммен қамтудың мақсаты – баланың жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуын жүзеге асыруына жағдай жасау, адамгершілігі үйлесімді дамыған және әлеуметтік жауапты тұлғаны тәрбиелеу, балаларды экологиялық мәдениетке баулу, оларды табиғат қорғау қызметіне тарту, қоғамдағы өмірге бейімдеу, бос уақытты мазмұнды ұйымдастыру болып табылады»,- деді мекеме басшысы Данияр Дүйсенбайұлы Егізбаев іс-шара барысында берген сұхбатында.

Бүгінгі таңда, оқушылар сарайында 6 бағыт бойынша 65 үйірмеге 4590 бала қатысуда. Атап айтқанда;

1. Көркем- эстетика бағыты — қыш өнері, қол өнері, ағаш өңдеу, бейнелеу;

2. Музыка бағыты: вокал, фортепьяно, қыл қобыз, прима қобыз, жетіген, гитара, домбыра, баян, скрипка, саксафон, флейта, барабан, драма, қуыршақ театры;

3. Гуманитарлық бағыт бойынша – журналистика, шешендік өнер, дебат өнері, қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, кітап оқуға баулу, поэзия және проза, жас ақын;

4. Ғылыми-техникалық бағыт – экология, КИП автоматика, гидропоника, 3Д модельдеу, ІТ программалау, физика, химия, биотехнология, бағдарламалау, КИП және автоматика;

5. Психологиялық бағыт – логопед, дефектолог, сенсорлық кабинет;

6. Спорт және сауықтыру — еркін күрес, греко-рим күресі, дзю-до, қазақша күрес, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, кикбоксинг, бокс, каратэ, таеквандо, фитнес, бассейн.

№2 Оқушылар сарайының үйірмелеріне қатысу үшін құжаттар қабылдау Mindal24.kz электронды порталы арқылы жүзеге асырылады.

Материалдық-техникалық базасы білім беру мекемесінің мақсаттары мен міндеттеріне, санитарлық, өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін №2 Оқушылар сарайы ғимараты 2023 жылы салынған. Үш қабатты типтік ғимарат жеке абаттандырылған, аумағы қоршалған жер учаскесінде орналасқан. Орталықта 232 оқу кабинеті, жабық бассейн, футбол, баскетбол және ашық спорт алаңдары, кітапхана, медициналық пункт бар. Аумақтың периметрі бойынша сыртқы электр жарығы орнатылған. Жалпы жобалық қуаты 500 оқушыға есептелген Оқушылар сарайы ғимараты орталықтандырылған инженерлік желілерге (суық сумен жабдықтау, кәріз) және орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған.

Оқушылар мен қызметкерлердің ғимаратта болу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автоматты өрт дабылы орнатылған. Сондай-ақ, терроризмге қарсы қорғалу талаптарына сәйкес 1 стационарлық және 37 мобильді дабыл түймелері, 4 турникет, 60 бейнебақылау (оның 19 сыртқы, 41 ішкі) қойылып, күндізгі түнгі күзет ұйымдастырылған.

№2 оқушылар сарайында жалпы 157 адам қызмет көрсетеді. Оның ішінде 85 штат негізгі пәндер бойынша педагогтар. Сапалық құрам бойынша

1 жоғары санатты әдіскер, 2 сарапшы, 1 модератор, 1 педагог-зерттеуші, 4 жоғары санатты, 5 спорт шебері балалармен жұмыс жасауда.

— Аз ғана уақыттың ішінде біздің 11 оқушымыз республикалық жарыстардан бас жүлде алып келсе, 16 оқушымыз 1-орынды, 23 оқушымыз 2-орынды иеленді, ал қалалық деңгейдегі жарыстардан 46 оқушымыз 1-орын, 23 оқушымыз 2-орын алып қуанып жатқан жағдайымыз бар,- деген Данияр Дүйсенбайұлы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы да айтып өтті.