15 минутта пәтер сатып алу: аңыз ба, ақиқат па?

Блокчейн технологиясын жылжымайтын мүлік рәсімдеу үдерісіне енгізудің арқасында қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті онлайн режимінде сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Егер бұрын пәтерді сату-сатып алу процесі бірнеше күн уақыт алса, жаңа қызметпен келісімшартты бір күнде рәсімдеуге болады. Тестілеу тәртібі аяқталған соң оған тіпті 15 минут жеткілікті.

Жаңа қызмет туралы арнайы ұйымдастырылған брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин,  BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахимбаев және Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамутов мәлімдеді.

Технология «Цифрландыру, инновациялар және ғылым арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, банктердің және құрылыс компаниясының ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы ұсынылып, жүзеге асырылды. Блокчейн технологиясы деректерді біріктіру және сақтау үшін ең қауіпсіз жүйе болып табылады. Қазақстанда ол екінші рет қолданылып отыр, бұрын ол ауыл шаруашылығы саласына енгізілген.

«Баспаналы болу – қазақстандықтар үшін айтулы оқиғалардың бірі. Құрылыс компаниясынан мүлікті сатып алу және сату тәртібін онлайнға аудару азаматқа құрылыс компаниясы, банк, нотариус және халыққа қызмет көрсету орталықтары арасында жүрмей-ақ қолжетімді тәсілдермен тұрғын үйді рәсімдеуге мүмкіндік береді. Пандемияға қарамастан, жылжымайтын мүлік сатылымында тұрақты өсім бар. Жыл басынан бері қазақстандықтар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 900 мыңнан аса және нотариус арқылы 700 мыңнан астам рет баспана рәсімдеген – бұл клиент тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу үшін 3 миллионнан аса жүгінгенін білдіреді. Блокчейн технологиясын енгізудің арқасында біз жылжымайтын мүлік пен оның кепілін тіркеу процесін жеделдете алдық. Өздеріңіз білетіндей, тұрғын үйді бір адамнан екінші адамның атына аударуға, мұрагерлікке беруге немесе қайта жазуға болады. Біз құрылыс компаниясынан бастапқы тұрғын үйді сату және сатып алу жағдайын таңдадық, өйткені бұл жерде адамның еркіне әсер ету қаупі жоқ», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Пәтерді онлайн сатып алу процесі мәмілені қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. BI Group өкілдерінің айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығында мұндай қызмет бұрын-соңды болмаған.

««Біздің холдингтің басты құндылығы клиентке бағытталу болып табылады. Бүгін біз мемлекеттік деңгейде жылжымайтын мүлікті сатып алуға түбегейлі жаңа тәсілді енгізе отырып, пәтер сатып алуға 10 күнге дейін уақыт жұмсаған қазақстандықтардың санасын өзгерткіміз келеді. Енді клиенттер 15 минут ішінде блокчейн жүйесі арқылы мәміле жасап, сатып алу-сату шартына қол қоя алады! Бұл қазақстандық тұрғын үй нарығындағы серпіліс. Әлемнің кез келген нүктесінен рәсімдеудің онлайн және толықтай қауіпсіз жүзеге асырылуы үшін біз осы процесті цифрландыруға ден қойдық. Клиент тек 4800 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлеп, нотариус қызметтері үшін 49 мың теңгеге дейін үнемдейді. Ең бастысы, BI Group аталмыш өнімге эксклюзивті құқық иеленуді бекітпей, оны бүкіл саланың игілігі үшін әзірледі. Біздің әріптестеріміз – тұрғын үй салушы компаниялар мен олардың клиенттері де осы жаңа өнімді пайдалана алады», – деді Рахымбаев. Сондай-ақ ол компанияның клиенттері мен бүкіл нарық үшін осындай көптеген жобаны жүргізіп жатқанын атап өтті. Бұл BI Group-тың барлық азаматтың игілігі үшін елді цифрландыруды дамытуға қосқан үлесі болмақ.

Бүгінгі таңда онлайн ипотеканың толық циклін тіркеу BI Group пен Altyn Bank сайтында жүзеге асырылуы мүмкін. Клиент құрылыс компаниясының сайтында салынып жатқан кешендердің бірінен пәтер таңдай алады. Содан кейін банкке автоматты түрде қайта бағытталатын ипотекаға өтініш жолданады. Қарыз алушының профилін сәйкестендіру және бекіту бірден жүзеге асырылады. Келісім алғаннан кейін клиент Altyn bank-тің Altyn-i мобильді қосымшасына өтеді, онда банкпен келісімшарт онлайн түрде жасалады. Әрі қарай банк құрылыс компаниясына ақшаны өзі аударады және бұл туралы клиентті хабардар етеді.  Жылжымайтын мүлікті пайдалануға бергеннен кейін клиент банктің мобильді қосымшасы арқылы кепілді онлайн тіркеу қызметін пайдалана алады.

«Altyn-i Digital Bank» базасында клиенттер қайталама жылжымайтын мүлік нарығында ипотекаға онлайн өтініш бере алады.

Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамутовтың айтуынша, ипотекалық несиелеу – бүгінгі таңда сұранысқа ие өнімдердің бірі. Цифрлық форматқа көшу банк клиенттеріне көптен күткен баспанасын сатып алу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, кепіл шартын және үлестік қатысу шартын тіркеу процестері жеңілдетіліп, жеделдетілді.

«Мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығы арқасында дәстүрлі қызметтер онлайн режимге өтіп, қазақстандықтар үшін ыңғайлы әрі қолжетімді бола бастады. Бұл ыңғайлы қызмет қана емес, сонымен қатар әр кезеңде толық қауіпсіздік пен сенімділікке кепілдік беретін мәміле жасаудың абсолютті ашық тәсілі болғаны маңызды. Біз бұның клиенттерімізге қызмет көрсетудегі үлкен серпіліс екеніне сенімдіміз және өз процестерімізді одан әрі цифрландырып, клиенттеріміз үшін қарапайым, түсінікті және ыңғайлы қызметтерді іске қосу бағытында жұмыстарымызды жалғастырамыз», – деді Halyk Bank басқарма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамутов.

Жылжымайтын мүлікті онлайн сатып алудың басты артықшылығы – клиенттер «бір терезе» қағидаты бойынша баспананы нотариустың қатысуынсыз ресімдеп, мәмілені халыққа қызмет көрсету орталығында куәландыра алады. Бұл технологияны Қазақстанның кез келген тұрғын үй салушы компаниясы пайдалана алады деп жоспарлануда.

НАО ГК Пресса