500 мың теңгелік ноутбукты ұрлап кетті

2023 жылдың 22-наурызында, Әл-Фараби АПБ-ның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ол онда, өзіне тиесілі медициналық емханасының есігі ашық тұрған бөлмесіне жұмыс уақытында белгісіз тұлға кіріп, үстел үстінде тұрған құны 500000 (бес жүз мың) теңге тұратын «НР» маркалы ноутбугын ұрлап кеткенін жазып көрсеткен.

Аталған жайт ҚР ҚК-тің 188-бабы 1-бөлігінің 1-тармағымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Тәртіп сақшылары жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы –23-те, жұмыссыз.

Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, заңсыз әрекетке барғаны үшін өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ, ноутбукты сатып, түскен қаржыны өз пайдасына жұмсап жібергені де белгілі болды. Қазіргі кезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Шымкент қаласы Полиция департаменінің Баспасөз қызметі