Ағымдағы жылдың 17 наурызында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков өзінің кезекті рет тұрғындарды қабылдауын өткізген болатын деп хабарлайды ТО ПД-нің баспасөз қызметі.
Бұл жолы қабылдауға келгендердің қарасы көп болды. Басшы барлық тұрғынды мұқият тыңдап, қас қарайғанша қабылдауын жалғастырды. Осыдан соң Қайрат Дәлбеков өз парақшасында облыс тұрғындарына үндеу жолдады.
«Бүгін сәрсенбінің сәтті күнінде карантин талаптарын сақтай отырып, азаматтарды қабылдадым. Бұл жолғы қабылдауыма 50-ге жуық тұрғын қатысты. Олармен маңызды мәселелері бойынша тікелей тілдесіп, алыстағы азаматтармен онлайн арқылы сөйлестім. Бүгінде облысымыздың көптеген адамдарын сазға отырғызған қаржы пирамидасы бойынша бір топ адамдарды да қабылдап, олардың мәселесін жіті талқыладық. Қызметкерлеріме тиісті тапсырмалар бердім. Демек осы тұста айтып өтейін, қаржы пирамидасының салдарынан алаяқтарға тап болған тұрғындарды толығымен түсінемін. Оларға да оңай емес. Арызданушылар арасында бар жиған тергенін, тіпті үйін де «кредитке» қойып, салым жасағандар бар. Сондықтан бұл істе біздің тәжірибелі деген ең мықты мамандар тергеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұл іс менің тікелей бақылауымда. Әлеуметтік желідегі парақшама да дәл осы іс бойынша сұрақтар жиі түседі. Олардың әрбіріне жауап беріп, әркез менің бақылауымда екенін жеткізіп келемін. Демек осы сәтте сіздерден барынша сабырлық танытып, іске шыдамдылықпен қарауларыңызды сұранамын. Күдіктілер мен арызданушылардың саны артып жатқандықтан әлі де тергеу амалдары жүрігізілуде. Бұл негізі қысқа мерзімде аяқтала салатын іс емес. Сондықтан тергеушілер өз жұмыстарын алаңдамай жасап, тергеу амалдарын тиісті деңгейде өткізуі үшін, шыдамды болайық.».
Осыдан соң полиция генерал-майоры карантин талаптарын сақтай отырып, кездесуге келгендерге кеңесі мен алғысын жеткізді: «Бүгін маған сенім білдіріп, мәселеңізді айтып, уақытыңызды арнап, кездесуге келгендеріңізге алғыс айтамын. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да өткізіле береді. Сіздер үшін менің есігім әрдайым ашық! Бастысы сіздің ақшаңызды айла тәсілдің әртүрін қолданып, қалтасына басқысы келетін алаяқтарға алданбаңыздар! Кез келген істе асығыс болмай, саралап барып, қадам жасаңыз!»., — деп қорытындылады өз сөзін департамент басшысы.