Шымкент қаласы Полиция департаментінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша адвокаттардың мемлекет тарапынан қызметақысын төлеу тәртібі және туындаған мәселелерді талқыға салу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бас қосу жиынға Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі С.Ергешов, Шымкент қаласы адвокаттар алқасының төрағасы С.Баймұратов, Тергеу және Анықтау басқармаларының бастықтары, аудандық Полиция басқармалары бастықтарының тергеу жөніндегі орынбасарлары, тергеушілер мен анықтаушылар және адвокаттар қатысты. Аталмыш жиын өзекті мәселелерді талқылау, мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.Жалпы күн тәртібінде «Адвокаттардың қылмыстық процеске қатысуымен төлем ақыларды төлеу жағдайы» турасында айтылды. Сондай-ақ, Ішкі істер органдары жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және “Жұртқа жақын полиция” қағидаты, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет”, «Полицияның сервистік моделіне көшу туралы» тұжырымдамасы шеңберінде халықпен кері байланыс орнату – басты орынға қойылғаны туралы қозғалды. Тиісті тапсырмаларға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Өз кезегінде, жиынға қатысушылар тақырыпқа қатысты өзекті сұрақтарға жауап алып, ұсыныстарын жеткізді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі