Еліміздің үшінші мегаполисінде көрнекті қоғам қайраткері, ұлы адам, ірі тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай, «Қонаев — ұлы тұлға» атты салтанатты шарасы өтті. Жиында кәсіподақтар қозғалысын дамытуда ұзақ жылдар бойы қызмет еткен, еңбек адамының мүддесін қорғауда үлес қосқан, кәсіподақ қозғалысының ардагері — Досыбай Шерімқұлов модератор болды. Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Д.Қонаевтың немересі Диар Қонаев, дәрігері Ахат Мулюков, ҚР мәдениет саласының үздігі Қалдыгүл Жаныбаева, Академик, күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Секен Тұрысбек, Д.Қонаев Халықаралық қорының вице президенті Байбол Болат Қажыақбар, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайри және бір топ қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Одан өзге ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерден қатысушылар Д.Қонаевтың халықаралық дәрежедегі тұлға екендігіне, оның ел басқарумен қатар ғылымдағы зерттеулерінің маңыздылығы жөнінде сөз қозғады. Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған шара көзкөргендер мен қаланың зиялы қауым өкілдері аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алған. Зиялы қауым өкілдері мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен мемлекеттік қызметі, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі, кейбір саяси және құқықтық көзқарастары, саяси таланты туралы естеліктерімен бөлісті. Оның өмірі мен көп қырлы қызметі Қазақстанның ұлы дәуірінің символына айналды. Жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов Д.Қонаевтың мерей тойына орай әзірленген медальді бірқатар азаматқа табыстап, қонақтарға сый-құрмет көрсетті.Сонымен қатар, салтанатты кеште белгілі күйші Секен Тұрысбеков қоғам қайраткеріне арнап шығарған туындысын орындап, тыңдарман қошеметіне бөленді.
Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы