Ақсукент ауылындағы Орталық саябақта «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» және «9 мамыр – Жеңіс күні» мерекелеріне орай, мерекелік іс-шара атап өтілді. Іс-шараға аудан әкімі Уласбек Садибеков, аудан мәслихатының хатшысы Шамхат Халмурадов, аудан прокуроры Даулет Тлемисов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Байназар, аудандық «Қоғамдық кеңестің» төрағасы Мұрат Есалиев, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары, ауған соғысының, Чернобыль, Семей ядролық полигонының және тыл ардагерлері қатысты. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлерді еске ала отырып, олардың рухтарына рухына құран бағышталып, еске алудан кейін Даңқ мемориалы алдында мәңгілік алауға гүл-шоқтары қойылды. Жиналған қауым арасында бір минут үнсіздік жарияланды. Іс-шарада аудан әкімі: «Құрметті аудан тұрғындары, соғыс және тыл ардагерлері! Баршаңызды Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні, биыл Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толу күнімен құттықтаймын! 7 мамыр — Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, айбынды әскеріміздің атағын асқақтатқан, мемлекетіміздің қуатын айғақтайтын күн. 9 мамыр – елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, жауға қарсы қайсар мінез бен өшпес ерлік көрсеткен жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен азаматтарымызды ардақтайтын күн. Майдан даласындағы жауынгерлік ерлік пен тылдағы қажырлы еңбектеріңізге тағзым етеміз. Қауіп пен қатер, қайғы мен қасірет төнген ауыр уақытта Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз, отансүй-гіштіктеріңіз, бірліктеріңіз бен бауырмалдық қасиеттеріңіз үшін басымызды иеміз. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт тілеймін. Ардагерлеріміздің өмір жастары ұзақ, дендері сау болсын! Ұрпақтарыңыздың қуанышы мен қызығын көріңіздер! Жұдырықтай жұмылған, білектей біріккен кең пейіл еліміздің көк байрағы мәңгі бейбітшілік аспанында желбірей бергей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!», — деген тілегін жеткізді. Іс-шара барысында марапаттау рәсімі өткізіліп, аудан әкімі Отан қорғау қызметіне айрықша үлес қосқан, мамыр айындағы мерекелерге орай, еңбек ардагерлері Т.Аташев, Р.Матназаров, А.Қабылбеков және Ә.Байназаровтарға Ресей Федерациясы Орталық комитеті Коммунистік партиясының «Ұлы Жеңіс» күніне арналған медальдерін табыс етті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық саяси-өміріне белсене араласқаны үшін облыс әкімінің грамотасымен аудандық түрік этномәдени орталығының басшысы Х.Пазаев, ал алғыс хатымен Таулы Қарабақ ұрыс қимылдарының ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Батаевтарды марапаттады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толу және Отан қорғаушылар күндеріне орай, еңбектегі жоғары жетістіктері үшін ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің кіші сержант, жұмылдыру ресурстарын есепке алу және тағайындау қызметінің бөлімше бастығы Н.Абдиханов, инспектор қызметкерлері Б.Хожанов, Н.Мырзахметов және А.Туракуловтар аудан әкімінің алғыс хаттары берілді. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, әскери және патриоттық тақырыптарға сай, «Самұрық» және «Самғанұр» би топтары орындап, спорт мектебінің тәрбиеленушілері жаттығуларын көрсетіп, «Ғұнча» халық ансамблі мен әншілер өнерлерімен көпшілікті тәнтті етті.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі