Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады деп хабарлайды Ақорда.
Ардақты ағайын!
Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тіршілікті түлетіп, табиғатқа жан бітіретін Наурыз – біздің төл жаңа жылымыздың бастауы, жаңғыру мен жаңа өмірге ұмтылудың нышаны. Ежелгі жыл қайыру дәстүрі – халқымыздың терең танымы мен тағылымды тарихының көрінісі.
Шуақты көктем мерекесін бүкіл ел болып асыға күтеміз. Біз тағдырымызбен сабақтас әз-Наурыздан өткен ғасырда еріксіз ажырап қалдық. Егемендіктің елең-алаңында ежелгі салтымызбен қайта қауыштық. Наурыздың көне дәстүрлерін нығайту үшін Елбасы бұл мерекені мемлекеттік мейрамға айналдырды.
Жыл басында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда Наурызды жаңаша атап өту қажеттігіне тоқталдым. Мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс.
Сондықтан, қазір барлық аймақта жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор көптеген шара қолға алынуда. Мұның бәрін Амал айынан кейін де жалғастыра береміз.
Ұлыстың Ұлы күнін тойлау қалалар мен ауылдардың ауқымды алаңдары мен көрікті көшелерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажет. Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам. Мерекелік көңіл-күй барлық шаңырақта болуы керек. Жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алса, бір-біріне ақ тілектерін арнаса, қандай жарасымды?!
Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа шақыратын береке-бірліктің мерекесі. Бұл туралы Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлаған.
Мейрамның терең философиялық мазмұны жақсылықты ешқашан ұмытпай, қайырымдылықтың қадірін білуге және табиғатпен үндестікте өмір сүруге үндейді.
Ел ұғымында қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны. Осы орайда, қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы Ұлыстың Ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуге болады.