Түркістанда мектептегі жағдай бейнебақылау назарында

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың өзі кірісіп, білім беру ошақтарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қолға алу керектігі жайлы тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы жүктеген міндетті түркістандықтар мінсіз атқаруға ниетті. Осы мақсатта облыста былтыр 300 мектепке бейнебақылау камералары орнатылды. Бейнекамерамен қамту мәселесін шешуде «Қазақтелеком» АҚ сүбелі үлес қосуда.

 «Қазақтелеком» Түркістан облысы Полиция департаментімен бірлесе отырып, мектептерге бейнебақылау камераларын орнатуды қолға алды. Енді ол жердегі деректер тікелей ПД-нің Жедел басқару орталығына түсіп отырады. Нәтижесінде орталық мамандары Түркістан облысындағы 349 мектептегі болып жатқан оқиғаларды сол мезетте көре алу мүмкіндігіне ие болады.

Айта кетейік, «Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аясында оптикаға қосылған нүктелерде ұялы байланыс операторлары «250+» бағдарламасы аясында 3G/4G желілерін дамыту жобасын жүзеге асыра алды. Спатаев ауылында Kcell базалық станциясы орнатылып, ауыл тұрғындары көптен күткен жоғары жылдамдықты ұялы байланысқа ие болды. Жоба үшін 20 Мб/с жылдамдықты қамтамасыз ететін техникалық мүмкіндігі бар елді мекендердегі мектептер таңдалған.

 Ең бастысы, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізудің арқасында білім ұяларында түрлі тәртіпсіздіктің алдын алып, құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Мектептердегі бейнебақылау камераларына күндіз-түні жазылған деректер аудандық полиция бөлімшелеріне және Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына түсіп отырады. Яғни, бәрі арнайы мамандардың бақылауында болады. Бұл «кірпік қақпайтын» камералар мектептің аумағын қадағалап қана қоймай, ішке кіріп-шыққан бөгде адамдардың әрекетін де назардан тыс қалдырмайды.

Спатаев атындағы мектепте оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында орнатылған 8 бейнебақылау камерасындағы деректер 30 күн бойы сақталады. Дәліздерде, асханада, тренажер залында, фойеде, кіреберісте және мектеп ауласында болып жатқан күнделікті көріністің барлығын нақты сол уақытта да, кейін де көруге болады.

Білім беру мекемесінің кіреберісі мен шығаберісінде және мектеп дәлізінде орнатылған камералар кез келген төтенше жағдайды тіркейді. Қандай да бір жанжал туындаған жағдайда, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар бейнетаспаны көріп, даулы мәселенің ақ-қарасын ажыратып, әділ бағасын бере алады. Айта кету керек, біздің мектепте бейнебақылау жүйесі орнатылғаннан кейін оқушылар тарапынан бірде-бір тәртіп бұзу әрекеті тіркелмеген дейді, мектеп  басшылығы.

Қауіпсіздік сақталған жерде тыныштық орнайды. Балалар да сабағын қамнен-қаперсіз оқиды. Ата-аналар да баласының іс-әрекетін бұлтты бейнебақылау жүйесін смартфонына жүктеу арқылы бақылай алады. Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-ана бұл жаңашылдыққа дән риза.

Ntime.kz