Түркістан облысындағы 74 ауылды аймақта ұялы байланыс мүлдем жоқ Түркістан облысы аумағындағы 74 ауылды аймақта ұялы байланыс мүлдем жоқ. Елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етудің міндеттілігі бүгінде ешқандай заңдармен және жарлықтармен көзделмеген. Дегенмен, облыстағы осы салаға жауаптылар қол қусырып отқан жоқ. Түркістан облысы аумағындағы ауылдарды мобильді интернеттен бөлек, жоғары жылдамдықты байланыспен қамту мақсатында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» АҚ тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүйелі жұмыстар жүргізілген болатын. Жыл басынан бері инвестор «NanoTech» ЖШС облыс көлемінде жалпы 70-ке жуық ауылдық елді мекен тұрғындарын ғаламторға қосты. Бұл жайында баспасөз брифингінде Түркістан облысы Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету, архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев айтқан болатын.
«Өткен жылы кең жолақты интернетке қосылу үшін 49 ауыл таңдалған, ал іс жүзінде тек 37 ауыл қосылды. Мұның бәрі ұялы байланыс операторларына байланысты. Биылғы жылы «Kcell» АҚ жоспарланған 124 ауылға кең жолақты интернетті тартуды ұсынды. Сонымен қатар, «Beeline» АҚ 40 елді мекенді интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.Бұл мәселені шешуде Заңнамалық деңгейде өзгерістер қажет»- деді Елнұр Рахымбердіұлы.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Түркістан облысына қарасты Төлеби, Қазығұрт және Келес аудандарының тұрғындары Интернет желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болған болатын. Жоба Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен байланыс операторлары арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылуда.
Ал, өткен жылы Төлеби ауданына қарасты 850 адам тұратын мобильді интернеттің сапасы өте төмен Балдыберек ауылында аталмыш жоба іске асты. Сол себепті тұрғындар тарапынан шағымдар көп болды. Биыл Балдыберек ауылының тұрғындарында 4G мобильді интернеті пайда болды. Өркениет игілігіне қолы жеткен ауыл тұрғындары электронды қызметті еш қиындықсыз алатынына дән риза.
Ntime.kz