Түркістандық өнертапқыштар қимыл-қозғалысы бар протез құрастырды

Роботехника саласына қызығушылығы бар азамат мүмкіндігі шектеулі жандарға протез ойлап тапты. Мұхаммеджан Кеңесбек бүгінде жасанды қолға алдын ала тапсырыс та қабылдап жатыр. Алайда ол мемлекет тарапынан қолдау болса екен дейді. Өйткені, әлем нарығында 50 АҚШ доллары тұратын құрылғыны құрастыруға көп қаражат қажет.

Гаражда протез жасаумен айналысатын Мұхаммеджан Кеңесбек Сайрам ауданындағы, Ақсу ауылында тұрады. 19 жастағы азамат Қазақстан нарығында алғаш қимыл жасайтын жасанды қол ойлап тапты. Бастапқыда ұстазының тапсырмасымен іске кіріскен өнертапқыш қазірде мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созсам деген ниеті бар.

 «АҚШ-тың газетін оқи келе, бір мағлұматты көзім шалды. Әлемнің 15 пайызы осындай протезге мұқтаж екен. Мен осы проблеманы шешкім келді. Басқа елге қарағанда біздікі өте арзан. Ал функция жағынан басқалардан кем емес. Және біздің мемелекетте қимылдайтын протез мүлде жоқ. Және мүмкіндігі шектеулі азаматтар бұған мұқтаж»,екен дейді ол.

Өнертапқыш бұған дейін бір протезді жасауға 1 ай шамасында уақыт жұмсапты. Ал қазір, 2 күнде дайындап бере аламыз дейді. Өйткені, сұраныс баршылық. Қазірдің өзінде 50 адам алдын ала тапсырыс беріп үлгеріпті. Жалпы, кішігірім шеберханада 4 адамнан құралған команда жұмыс істейді. Оның бірі 3Д дизайнымен айналысатын Ермек Асқарұлы. Ол досынан протез жасау туралы ұсыныс білдіргенде, қуана келіскенін айтады.

Жұмысын әлеуметтік желілер арқылы дамытып отырған Мұхаммеджан газ және өртке қарсы датчик жасауды да қолға алған.Мұхаммеджан Кеңесбек қазір мемлекет пен демеушілер тарапынан қаржылай қолдау қажет екенін айтты. Өйткені, бір протез жасауға шамамен 1-1,5 мың АҚШ доллары керек. Әрі мұны патенттеудің өзі аз қаражатты талап етпейді.

Өнертапқыштардың айтуынша, қазіргі таңда протездің үлкен адамдарға және де кішкентай балаларға арналған түрлерін жасауда. Бұл қолға киетін протездермен 10 келіге дейінгі жүкті көтеруге болады. Протездер үш түрлі жолмен қызмет етеді, бірінші сенсорлық жолмен, екінші телефон құрылғысы арқылы, үшінші ЭМГ арқылы, яғни бұлшықет арқылы жұмыс жасайды. Бұл бастаманың жетекшілері Мұхаммеджан мен Ермек мұны табыс көзі ретінде қарамай, жалпы мұқтаж жандарға тегін беруге дайын екендігін атап өтті.

Ntime.kz