Заң үстемдігі – әділетті Қазақстанның негізі

Тәуелсіз Қазақстанға қазіргі таңдағы аумалы-төкпелі заманда қадамын нық басуы үшін ішкі тұрақтылық аса маңызды. Сонда қоғамның дамуы өз деңгейінде болады. Еліміздің ішкі саясатының тұрақты болуы әр саладағы даму кезеңінің берік кепілі. Бұл туралы қалалық қоғамдық штаб мүшелерінің сәулетшілермен кездесуінде айтылды.

Кездесуге Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты Еркін Сатқанбаев, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, құрметті депутат Хайрулла Сәрсенов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Сұлтанғали Қуандықов және сәулетшілер қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында да, оған дейінгі бастамаларында да күшті президент, ықпалды парламент, халық үніне құлақ асатын үкімет принципін негізге алып жүр. Биылғы жалпы халықтық референдумда да Ата заңымызға осы бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал 1 қыркүйектегі Жолдауда президенттің 7 жылдық мерзімге бір рет сайланатыны айтылып, заңмен бекітілді. Оның жауабы – әлемдегі геосаяси жағдайға қарсы тұру. Елдің тұрақтылығын сақтау. Себебі, бір рет сайланған президент 7 жылдық мерзім ішінде өзі бастаған өзгерістерді соңына дейін жеткізе алады. Ол үшін алдымен халықтың сенімі қажет, – деді Еркін Сатқанбаев.

– Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстан құруға бет алдық. Ал ол үшін қоғамға, ең алдымен, заң үстемдігі орын алуы қажет. Қазақта «50 жылда ел жаңа, 100 жылда – қазан» деген қанатты сөз бар. Міне, елімізде де іргелі өзгерістер болуда. Алдағы уақытта да дамудың даңғыл жолын жалғастыру үшін елдегі тұрақтылық пен татулықты сақтап, дамытып отыруымыз қажет, – деді Икрамжан Хашимжанов та сөз алып.

Жиын соңында тақырып төңірегінде қатысушылар өз сұрақтарын қойып,   өзара пікір алмасуға ұласты.

Ntime.kz