Полиция қызметкерлері жас аналар мен қыз-келіншектерге құқықтық кеңес берді

Қазіргі уақытта отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Тұрмыстық зорлық бір адамның екінші адамға не туыстарының бірінің екінші туысына зорлық көрсету. Тұрмыстық зорлықтың бірнеше түрі бар.

 Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Еңбекші АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері «Көмек» оңалту орталығына арнайы барып, ондағы аналар мен бөбектердің хал-жағдайымен танысты.

Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі мекемесінде зәбір көріп, зорлық-зомбылық тауқыметін тартқандар, кереғар діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетіледі. Бұл баспанаға нарколог, психолог, психотерапевт және әлеуметтік қызметкерлермен қоса Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері де үнемі келіп, қыз-келіншектермен жекелей жүздесіп, заңға сай кеңес беріп келеді.

Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған әйелдер қауымының құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі таңда кей нәзік жандылардың басты проблемасының бірі. Бірақ олар бұл туралы ашық айта бермейді. Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда қыз-келіншектер зардап шегеді. Өмірдің сынағымен бетпе-бет келген әйелдермен сауалнама жүргізу барысында анықталғаны — жанұядағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуына көбіне әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болады», — деді полиция капитаны Ж.Бегалықызы.

Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.

Ntime.kz